Шымкенттегі ойын алаңдарының сапасы нашар болып шықты

Шымкентте балаларға арналған ойын алаңы қолданысқа берілмей жатып бүліне бастады.

Осылай деген тұрғындар «көптен күткен құрылыстың сапасы сын көтермейді» - деп шағымданды. Айтуларынша, қыруар қаражатқа орнатылған әткеншектер мен сырғанақтар бұзылса бала өміріне қауіпті көрінеді.

Міне мынау әшейін жұқа қаңылтырмен істелген. Бір-ақ жылға жарайды. Әрі кетсе 1,5 жыл деп айтайыншы.

Күншығыс шағын ауданындағы ойын алаңы көптің көңілінен шықпады. Себебі құрылысы әлі аяқталмаса да құрылғылардың сапасы сыр берген. «Алғашқы жауыннан-ақ ағаш панелдердің өңі қашып, дәнекерленген темір бұйымдар ажырай бастады»,-дейді пәтер иелері.

Әйгерім Әбдірова, қала тұрғыны:

- Басқа дворларды жақсылап істеп келді. Мынау соңғы двор ғой. Осыған келгенде тастады да кетіп қалды. 10 күн жоқ болып кетті жұмысшылар. Ешқандай жауапкершілік жоқ. Біз сол сапасы жақсы болады деп ойладық қой. Әйтпесе біз бұзғызбайтын едік ананы.

Көп қабатты тұрғын үй секторындағы аналар бала қауіпсіздігіне алаң. Сапасыз сырғанақ пен тым жақын орнатылған тренажерлар олардың өміріне қауіп төндіруі мүмкін деп есептейді. Көптен күткен алаңқай - балақайдың сұранысына сай болса екен деп тілейді.

Әсел Кемаладинова, қала тұрғыны:

- Тамыз айында басталған. Содан бері әлі салынып жатыр. Әлі де бітпей жатыр. Біраз уақыттан бері күтудеміз. Соның өзінде көңілімізден шықпай жатыр. Себебі балалар құлап жатыр. Қолдарын жарақаттап алып жатыр. Менің өз балам 6 жаста, екіншісі 4 жаста. Осы алаңда ойнайды. Сондықтан менің де жаным ашып тұр.

Биыл қаладағы тұрғын үй секторларында спорттық алаңдар мен ойын алаңқайлары жаппай жаңғыртылып жатыр. Халық үніне құлақ асатын үкімет тұжымдамасы бойынша бюджет те нақтыланған. Бұл мақсатта Әл – Фараби ауданына 1 млрд 700 млн теңге бөлінген. Тапсырыс берушілер Күншығыстағы құрылыс мерзімі кестеге сәйкес жүріп жатқанын, анықталған кемшіліктер дереу жөнделетінін мәлімдеді.

Дархан Шынтасов, әл-Фараби аудандық әкімшілігінің бөлім басшысы:

- Әр апта сайын аралап, жұмыс барысымен танысып қадағалап тұрамыз. Бұны ретке келтіргенге дейін мердігер мекемеге айтып, ескерту хаттар беріледі. Ретелетін болады. Сапасыз орнататын болса, кешіктіретін болса сот тәртібімен жосықсыздардың тізіміне енгізілетін болады.

Жоспар бойынша ойын алаңының құрылысы желтоқсанда толық аяқталуға тиіс. Ал оны техникалық қадағалаушылар мен үй басқарушы және әкімдік өкілдері арасында құрылған арнайы комиссия өкілдері қабылдайтын болады. Оның сапасына тендер талаптары бойынша 2 жыл кепілдік мерзімі қарастырылған.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Самат Нағашбекұлы