Елордалық жастардың инновациялық жобасына қаржылай қолдау көрсетілді

Елордалық жастардың инновациялық жобасына қаржылай қолдау көрсетілді

Астанада жас өнертапқыштар мүгедектігі бар адамдардың арбасына арналған электр қондырғысын жасап шықты, деп хабарлайды 24kz.

Жаңа құрылғыны қолданушылар енді көмекшіні қажет ете қоймайды. Өйткені арба тетік арқылы басқарылып, емін-еркін қозғалады. Жобаны жетілдіру үшін жастарға қаржылай грант беріліп отыр.

Бұл қарапайым ғана арба болғанымен, оның басқару әдісі өзгеше әрі оңай. Өйткені қос дөңгелегіне қосымша құрылғы орнатылған. Мұндай кішкентай жабдық көбіне электролонгборд және скейтбордтарға қолданылады.

Аймедет Тауфик, жоба авторы:

- Алдында ешқандай үлкен тіркеме болмайды. Кішкентай ғана екі мотор және кішкентай ғана джостик. Электрониканың барлығы артында болады, яғни, батарея, контролер, драйвер деген секілді заттар. Оның барлығы джостик арқылы жұмыс жасайды.

Жобаны дайындау барысында мүмкіндігі шектеулі жандардың ұсыныс-пікірі ескерілген. Соның ішінде электрлі арбаларды ұшақ арқылы тасымалдау қиынға соғып жатады екен. Ал бұл құрылғы орнатылса, ондай келеңсіздіктер туындамайды.

Әділ Рахалиев, қала тұрғыны:

- Мен Астанадан Қостанайға ұшақпен барғым келген. Алайда әуежайда маған электрлі арбаны жүксалғышқа салуға рұқсат бермеді. Өйткені онда аккумулятор бар және ол алынбайды. Ал жас өнертапқыштар дайындаған жаңа құрылғыны өзіммен бірге бортқа алып, ал арбаны жүксалғышқа сала аламын.

Аймедет пен оның командаластары ұсынған инновациялық бастама мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған стартап-жобалар байқауында жеңімпаз атанды. Олар бір млн теңге көлемінде грант иеленіп отыр.

Захира Бегалиева, Iteachme қорының директоры:

- Ол қазір грантты енді алды. Екі айдың ішінде прототип жасайды. Прототипін жасап болғаннан кейін олар өздерінің проектісін инвест комьюнитиге айтып береді. Көрсетеді оның керектігін, дұрыстығын, осы өнім Қазақстанда болу керек екенін. Содан кейін министрліктің алдында көрсетеді.

Тиісті мерзімде жобаның прототипін жасап, мамандардың оң бағасын алған жағдайда ғана жас өнертапқыштар электр қондырғысын өндіріске шығара алады.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Бағдат Қайыркен