О.Бектенов баспана кезегінде тұрғандардың тізімін жаңартуды тездету тапсырды
Мемлекет басшысы 2029 жылға дейін елде жаңадан 111 млн шаршы метр тұрғын үй салу міндетін қойды. Бұл міндет жүйелі негізде және кезең-кезеңмен орындалуға тиіс. Құрылыс мәселесіне арналған Үкімет отырысында Олжас Бектенов осылай деді. Сондай-ақ ол үлестік құрылыстағы заң бұзушылықтар өткір проблема болып отырғанын айтты, деп хабарлайды 24kz.
Көптеген құрылыс компаниялары заң талаптарын айналып өтіп, үлескерлер қаражатын тартуды жалғастырып келеді. Бақылауды күшейту қажет. Тәуекелдерді жою үшін Үкімет басшысы үлестік құрылысқа қатысты шартқа отыру тетігін әзірлеуді тапсырды.
Баспанамен қамту бағытында өңірлерге бөлінген қаражатты уақтылы игеріп, ұсынылған құралдарды тиімді пайдалану қажет. Үкімет басшысы тағы бір маңызды міндетті айтты. Ол – баспана кезегінде тұрғандардың қолданыстағы тізімін жаңартуды тездету. Кезекте тұрғын үйге шынымен мұқтаж азаматтар ғана болу керек. Олжас бектенов Инфрақұрылымның жоқтығынан объектілерді іске қосу ұзаққа созылып жатқандығына назар аударды. Мұндай мысал әр өңірде бар.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Әкімдіктер құрылыс жұмыстарын инженерлік желілермен Үйлестіре отырып жүзеге асыруы қажет. Құрылыстың санымен қатар сапасын да естен шығармау керек. Өкінішке орай, соңғы жылдары ереже талаптарының бұзылуына және құрылыс нысандарының уақтылы іске қосылмауына қатысты шағымдар саны көбейіп барады. Осы мәселелерді жүйелі түрде шешу қажет.
Тұрғын үй саласына инвестиция тарту жайында. Биыл бұл мақсатқа қаржыландырудың барлық көзі есебінен шамамен, 965 млрд теңге тарту жоспарланған. Бұл 160 мыңнан астам азаматтың жаңа пәтерге көшуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтар үшін қолжетімді құралдарды ұсынылуда. Атап айтқанда, 22 мыңнан астам жалдамалы пәтер сатып алуға қаржы қарастырылып отыр.
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Тұрғын үйді бөлу, тіркеу күніне және табыс деңгейіне байланысты жүзеге асырылады. Бұл ең алдымен ұзақ уақыт бойы кезекте тұратын азаматтарды үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар әлеуметтік осал топтарға жалға берілген үйлерді жекешелендіруге мүмкіндік берілді. Бұл норма биыл 4 желтоқсанда күшіне енді. Осы шараның арқасында 50 мыңнан астам азамат үйлі болады. Жалпы реформалау бойынша қарастырылған жаңа өзгерістер келесі жылдың мамыр айында күшіне енгелі отыр.
Сонымен қатар мамыр айында іске қосылған «Наурыз» жаңа тұрғын үй бағдарламасы аясында 12 000 ипотекалық қарыз беру жоспарланса, бүгінге дейін 172 млрд теңгеге 7 мыңға жуық несие берілді.