Қазақстанда «Еңбек сіңірген геолог» мемлекеттік наградасы тағайындалады
Келесі жылдан бастап Қазақстанда «Еңбек сіңірген геолог» мемлекеттік наградасы болады.
Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитетінің төрағасы Ерлан Акбаров хабарлады. Соңғы жылдары Геология мамандығын таңдаушылар саны артты. Осыдан бірер жыл бұрын бұл бағытта 1224 маман оқыса, 2024 жылы тау-кен және геология саласындағы мамандықтар бойынша 3000-нан астам адам оқу бітірді. Бірақ қазір тау-кен саласында жұмыс істеп жүргендердің көбі аға-буын өкілдері деді комитет төрағасы.
Ерлан Ақбаров, ҚР ӨҚМ Геология комитетінің төрағасы:
- Биыл 3 мыңнан астам жас маман оқу бітіргенімен, салада кадр тапшылығы байқалады. Өйткені кен орындарын зерттеу жүргізіліп белсенді жүріп жатыр. Сондықтан геолог мамандығының мәртебесін арттыруға ден қойдық. Оқушыларды геологияға тарту мақсатында «Жас геолог» корпоративтік қоры жұмыс жасайды. Бұл қазір жалақысы жоғары салалардың бірі. Жас мамандар 300 мыңдай алса, тәжірибелі гелоогтар 1 миллион теңгеден жоғары алады. Дегенмен, сараптама нәтижесі жыл сайын салада 2 мыңнан астам маман жетіспейтінін көрсетті.
Айта кетейік, Қазақстанда қатты пайдалы қазбалардың мыңға тарта кен орны мемлекеттік есепке алынған. Президент тапсырмасына сәйкес, 2026 жылдың соңына дейін Қазақстан аумағындағы геологиялық-геофизикалық зерттеу көлемін 2,2 млн шаршы шақырымға дейін жеткізу жоспарланған. Бұл бағытта 3 жылға 20 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді.
Ерлан Ақбаров, ҚР ӨҚМ Геология комитетінің төрағасы:
- Аудандарды геологиялық жете зерттеу, геологиялық-минерагендік картаға түсіру және тереңдік геологиялық картаға түсіру бойынша нәтижелер де бар. Осы жұмыстардың нәтижелері бойынша асыл, түсті және қара металдар бойынша болжамды ресурстары бар 60 перспективалы учаскелер анықталды. Сирек жер металдары саласын дамытуға бағытталған жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу шеңберінде 12 учаскеде іздеу жұмыстары жалғасуда.