ШҚО-дағы ауылдарды сақтау үшін оңтүстіктен отбасылар көшіп келуде

Шығыс Қазақстан облысында соңғы 10 жылда 30 ауыл картадан жойылды, деп хабарлайды 24kz.

Тек биылдың өзінде алты елді мекеннің жұрты ғана қалды. Үдере көшкендердің көбі жұмыстың жоқтығын, иданфрақұрылымның нашарлығын алға тартады. Ал үмітін үзбегендер үйлерін сатпаса да, жауып тастап, жағдай жақсарса қайта көшіп баруға ниетті. Жергілікті билік оңтүстік жақтан отбасылар көшіріп, адам санын көбейтудің қамына кірісті.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Он жылда таратылған ауылдардың ең көбі Күршім ауданына тиесілі. 11 елді мекен картадан алынды. Енді жойылудың аз алдында тұрғандардың бірі осы Қайнар ауылы. Кезіндегі екі ауысымдық мектеп жабылған.Қазір бар болғаны 14 отбасы күн кешіп жатыр. Жұрттың күні малға, хат-хабары жол мен сым телефонға қарап тұр.

Екатерина Бейсенбаева алыстағы ағайын туыспен тек осылай ғана хабарласады. Боранды күні бұл байланыс та үзіледі. Осында өскен келіншек туған ауылының таратылуы мүмкін екенін естіп жүр. Дегенмен, құт мекенін қимайды.

Екатерина Бейсенбаева, Қайнар ауылының тұрғыны:

- Жабылып қалса, әрине, қиын Қазір үйлер де қымбаттап кетті. Біз сол екі-үш сиырмен қайда барамыз? Ала алмаймыз ғой үйді. Бір жақтан кісілер әкелуге болмай ма?!

Ал бұл Зайсан көлін бойлап жатқан ауылдардың бірі – Ақсуат. Тірлігі балық пен мал шаруашылығына қарап тұрған елді мекенде 63 отбасы бар. Мектепте 33 бала оқиды. Бірақ халық алаңдаулы. Себебі бүгін-ертең картадан жойылу қауіпі төніп тұрмаса да, көш түбегейлі тоқтаған жоқ. «Сондықтан ертерек қам жасау керек», - дейді мұндағылар.Ауыл үлкендерінің айтуынша, тездетіп табыс көзін ашып, жұмыс орнын көбейтсе, қарашаңырақты сақтап, тіпті көшкендерді кері қайтаруға да болады

Мұратбек Арғынғазин, Ақсуат ауылының тұрғыны:

- Ауылда интернет бар, балық ауланып тұр, жағдай жақсы,мектеп бар. Ауылдың батыс жағынан балық қабылдау зауытын саламыз деп отыр, салса бәрі жақсы болар еді.

Жергілікті билік оңтүстік өңірлерге барып көпбалалы отбасыларды көшіріп әкеле бастады. Мәселен Күршімдегі Бірлік ауылына Қызылордадан 7 баласы бар жанұя отбасы қоныс аударды. Бірден «Бір қабатты шығыс» бағдарламасымен салынған үйге кірді.

Жақында мұнда Маңғыстаудан 9 балалы тағы бір отбасы кеп тұрақтайды. Мектеп, дәрігерлік пункт, салынып жатқан Бірлік осылай тірлігін оңалтуға кіріскен. Бұл тәжірибе аудан бойынша жалғасады.

Мейіржан Әлібеков, Күршім ауданы әкімінің орынбасары:

- 2023 жылы 7 отбасы 43 адам көшіп келген болса, яғни, Күршім, Ақсуат, Сарыөлең, Қойтас ауылдарына 2024 жылы 24 адамды көшіру жоспарда болған, қазіргі уақытта 9 отбасы 45 адам көшіп келді.

Ақсақалдар да бұл әдісті құптайды. «Бірақ олар, ең бастысы, ауыл шаруашылығын дамытып,жұмысшы мамандығын дайындау керек, әйтпесе, келген елдің кері қайтпасына кепіл жоқ», - дейді.

Дәулетхан Қалиқанұлы, Күршім ауылының тұрғыны:

- СПТУ деген болған, ГПТУ деген болған, негізінде тракторист, комбанер маманы, сварщик, ветеринар сол сияқты мамандар дайындау керек, өйткені ауылдық жерлерде сондай мамандықтар өте қажет.

Жалпы Күршімде қазыр адам саны 50-ден кем екі елді мекен қалды. Ал бүкіл облыс бойынша алдағы жылдары болашағы бұлыңғыр 25 ауыл таралуы мүмкін.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов