Елордада қысқы ойын-сауыққа арналған 60 орын сақадай сай
Қыс айларында Астана тұрғындары мен қонақтары қала ішіндегі көптеген ойын-сауық орындарына тегін бара алады, деп хабарлайды 24kz.
Оның ішінде мұз айдындары, слайдтар, шағын архитектуралық нысандар және фотоаймақтар бар. Осындай 60-қа жуық орын қаланың 6 ауданында ашылды.
Мирлан Алтынбек, тілші:
- Төбешіктен сырғанап жатқан бұл бүлдіршіндердің көңілі шат-шадыман. Кемаль Ататүрік атындағы саябақта мұз айдыны да бар. Талдарына дейін жарық шамдармен безендірілген. Ертегі кейіпкерлері бейнесінде түрлі инсталляциялар орнатулы. Ең бастысы, балалар мен ата-аналарына ұнап жатыр. «Мерекелік көңіл-күй сезіледі», - дейді тұрғындар.
Блиц 1:
- Саябақ әдемі. Жарық. Көңілің көтеріледі. Ағаштар. Жарқырап тұр. Өзенге қарап, серуендейсің. Бала-шағамен келгенге жақсы. Қала орталығында тұр. Қай жаққа барсаң да, жақын.
Блиц 2:
- 2025 жылда бейбітшілік тілеймін. Еліміз экономикалық жағынан көтерілсін. Бәрі жақсы болсын елімізде. Қаланы әдемі әшекейлермен безендірген. Қазір енді үлкен шыршаны құрып жатыр арғы жақта. Күтеміз соның жанғанын.
Тағы Абай даңғылында орналасқан «Жазушылар аллеясын» айтсақ болады. Мұнда да сырғанақ жабдықтау жұмыстары аяқталып қалды. Шыршалар мен жаңа жылдық инсталляциялар сақадай сай. Келемін, көремін, сырғанаймын деушілерге тәулігіне 24 сағат бойы есік ашық. Қызмет тегін.
Райымбек Айтжан, Байқоңыр ауданы әкімдігінің бөлім басшысы:
- Ауданымызда осы қысқы кезеңде 9 орын бар. Оның үшеуі ауданымыздың орталығында. Яғни мынау Ататүрік саябағында, Жастар сарайының алдында және Қаламгерлер аллеясында. Сонымен қатар алтауы біздің тұрғын алаптарында орналасқан. Оның ішінде Өндірісте, Қояндыда тұрғын алаптарында осындай сырғанақтарымыз орналасқан.
Ал Сарыарқа ауданында 12 сырғанақ пен 4 мұз айдыны пайда болады. Есіл өзенінің жағалауында да дайындық жұмыстары тыңғылықты жүргізіліп жатыр. Тағы 3 сырғанақ Теміржолшылар, Интернациональный және Күйгенжар тұрғын алаптарында ашылады.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ербол Дайыров, Саят Башимов