Абай облысының тұрғыны ауыл халқын жұмыспен қамтып отыр
Абай облысы Үржар ауданында бүтін бір ауылдың халқын жұмыспен қамтып, туған еліне тірек болып отырған іскер азаматтар бар. Бақытбек Мұсабаев – 90 жылдары халық қиын-қыстау кезеңді бастан өткергенде көптен көмегін аямаған жанның бірі. Ауыл халқының басын біріктіріп, береке бірлігін сақтауға үлес қосқан. Қазір де 40-қа жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.
Бақытбек Мұсабаев Үржар ауданындағы Некрасовка ауылында туып-өскен. 90-шы жылдары халық ауылдан жұмыс таппай көшкен уақытта шаруашылығын дамытып, елді жұмсыпен қамтыған. Бүгінде шаруашылығында 40-қа жуық адам еңбек етеді.
Бақытбек Мұсабаев, шаруа қожалығының басшысы:
- Қазір енді үкімет ауылға көңіл бөліп жатыр. Ауылдың жолы асфальтталды, су кірді, ФАП салынып жатыр. Жастар осында қалады деген ойым бар. Оны өзімізден бастап жатырмыз. Өзімнің ұлым ауылға бет бұрып қалды.
Кәсіпкер биыл екі отбасына баспана беріп, жұмыспен қамтыған. Ақысын төлеп, ірі қара мал берген. Еркебұлан Қоқымбаев 20 жылдан бері осы ауылда тұрады. Шаруа қожалығында тракторшы болып жұмыс істейді. Бүгінде ел қатарлы еңбек етіп, отбасын асырап отыр.
Еркебұлан Қоқымбаев, ауыл тұрғыны:
- Қысы жазы жұмыс бар. Тоқтамайды. Қыста қар тазалаймыз, жазда егін егіп, шөп шабамыз. Басқа жаққа көшу ойымызда жоқ. Ауылға қамқорлық жасап отыр. Қыс түскенде техникамен жолдардың бәрін тазалайды.
Шаруа қожалығында қысы-жазы тірлік тоқтамайды. Егін науқаны басталғанда жұмыс күші еселене түседі. Кәсіпкердің иелігінде қазір 1500 га егістік бар. Бұған қоса жылқы мен сиыр өсіреді.
Ерлан Тағымбаев, ауыл тұрғыны:
- Өз жерімізге татымды бидай тартып жатырмыз. Бастаған кезде 10-12 болатын, қазір 25-ке жетті. Үлкен шаруашылықтардың агрономдары келді. Солармен ақылдасып, кеңес бөлісіп, осындай нәтижеге жетіп жатырмыз. Білмегенімізі үйреніп, опыт ауысып жатырмыз.
Бақытбек Мұсабаев, шаруа қожалығының басшысы:
- Келешек ауылда. Өмір тал болса, соның тамыры ауыл ғой. Ауылда да қаладағы сияқты тұруға болады. Үржарда үлкен әуежай жұмыс істеп тұр. Жаздай Семей, Өскемен, Алматыға ұшты. Одан артық не керек?! Жаздай еңбек істе, қыста демал. Екі қолға бір күрек деп.
Алпысты алқымдаған ел ағасы: «Ауылды дамыту үшін жастарды көбірек тарту керек», – дейді. Іскер азамат табиғаты шұрайлы, жері құнарлы Үржардың өркендей түсуі үшін әлі де тер төгуге дайын.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов.