Мереке қарсаңында Түркістан облысында бірнеше әлеуметтік нысан ашылды
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Түркістан облысында бірнеше әлеуметтік нысан ашылды.
Сауран ауданында «Жайлы мектеп» қолданысқа берілсе, Сайрам, Ордабасы, Түлкібаста 3 медициналық нысан тапсырылды. Ал Түркістанда заманауи үлгідегі ботаникалық бағы бар «Жастар саябағы» ел игілігіне берілді.
600 орындық «жайлы мектеп» Еңбекші диқан ауылында ашылды. Білім ұясы заман талабына сай физика, химия, биология және робототехника пәні кабинеттерімен жабдықталған. Мектептің ашылуына қатысқан облыс басшысы оқушылар мен ұстаздар қауымын мерекемен құттықтап, ұлттық жобаның маңыздылығына тоқталды.
Дархан Сатыбалды, облыс әкімі:
-Жылды соңына дейін бізде тағы да осы «Жайлы мектептеріміздің құрылысын аяқтайын деп отырмыз. Келесі жылға да өтпелі болады. 2025 жылы 50 мектептің құрылысын бітіреміз. Біздің балаларымыздың барлығы білім ордасынан еліміздің жанашыралыр шығар берсін. Жаңа білім ордасы құтты болсын.
Сондай-ақ осы күні Сайрам ауданы, Құтарыс ауылында дәрігерлік амбулатория ашылды. Түлкібас ауданы, Абайыл ауылында жаңа медициналық тірек ел игілігіне берілді. Ал Ордабасы ауданы, Қарабастау ауылында заманауи үлгідегі фельдшерлік-акушерлік бекет тапсырылды. Жаңа медициналық нысандардың ашылғанына ауыл халқы ризашылығын білдірді.
Мәдина Қабылбекова, Қарабастау ауылының тұрғыны:
-Қиыншылық күндеріміздің бәрі артта қалып, жақсы, әдемі медпункт. Барлық қызмет түрі бар, кабинеттерінің бәрін жабдықтап, бұл да болса мемлекетіміздің ауыл халқына деген қолдауы.
Сапарбай Өскенбаев, Құтарыс ауылының тұрғыны:
-Осы ғимаратты 6 айдың ішінде салып бітірді. Осының іске асуына үлес қосақндардың барлығына халықтың атынан рахметімді айтамын.
Ал Түркістанда заманауи үлгідегі ботаникалық бағы бар «жастар» саябағы ашылды. Демалыс аймағында скейтборд алаңдары, шахмат клубы, өзге де ойын алаңдары бар. Жабық жылыжайда әртүрлі құрлықтан әкелінген ағаштар мен өсімдіктердің 70-ке жуық түрі өсіп тұр. Тропикалық, субтропиктік, цитрус өсімдіктерімен қамтылған.
Әзімбек Фазылбек, Түркістан қаласының әкімі:
-Қыстың күні бізідң қала халқы осындай керемет жылыжайда серуендеп, демалуына болады. Оқу орталықтары бар, солар қосымша сабақтар өтсе болады. Оған да жағдай жасалып жатыр. Жалпы өалқының жақсы демалыс орнына айналады деген ойдамыз.
Саябақтың ашылу салтанатына елімізге танымал өнер жұлдыздары қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Айта кетейік, Түркістан қаласында 32 саябақ, 32 сквер мен аллея, 15 жасыл алаң мен аймақ бар.
Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов