Елордадағы Орталық саябақта ұзындығы 300 метрлік мұз айдыны ашылды

Елорданың Орталық саябағында жалпы ұзындығы 300 метрге жуық желілік мұз айдыны ашылды.

Бұдан бөлек, саябақта шырша мен тақырыптық қондырғылар, жәрмеңкелерге арналған сауда павильондары орнатылды. Жалпы Нұра ауданында жеті сырғанақ пен жеті мұз айдыны пайдалануға берілмек.

Қыс айларында елордалықтар мен қала қонақтары орталық саябақта орналасқан Астананың ең ұзын мұз айдынында коньки тебе алады. Ашық аспан астындағы жолақтың бір бағыттағы ұзындығы 290 метр. Бұл оны басқа қысқы ойын-сауық орындарынан ерекшелендіріп тұр, дейді тұрғындар. Мұз айдыны маңында конькилерді жалға беретін үш орын қарастырылған. Өз конькиімен келушілерге кіру тегін.

БЛИЦ:

- Жақсы, қуантады. Әдемі жарық шамдар. Атмосфера жақсы. Үйде де дайындалып жатырмыз.

- Мен мұнда 1 сағат бұрын келгенмін достарыммен. Күшті, ұнады. Атмосфера әдемі.

- Біз достарымызбен коньки тебуге келдік. Ұнап жатыр. Гирлянді, ағаштардағы жұлдызшалар. Арғы жақта фотоаймақ бар. Бұндай безендіру жұмыстары кішкентай балалар мен ата-аналарына мерекелік көңіл-күй сыйлайды. Әдемі болып тұрады.

Тағы саябақта ұзындығы 13 метрге тең мұз сырғанағы ашылды. Сырғанауға өз шанасымен немесе тюбингімен келгендерге пайдалану тегін. Ал жалға алу бағасы жарты сағатқа мың тг басталады.

Ләззат Сәлімова, қала тұрғыны:

- Балаларымызға көңіл күй сыйлау мақсатында осылай далаға шықтық. Коньки тептік. Сырғанаққа шанамызды алып шығып, отбасымызбен жақсы уақыт өткіздік. Бүгін саябақты жаңажылдық тақырыпта әсемдеп жасап қойған екен. Менің ойымша өте әдемі жасалған. Айналаның бәрі жарқырап тұр. Неше түрлі кейіпкерлер тұр. Балаларға да өте қызықты. Жақсы бір эмоциямен кірді ішіне. Жақсы етіп безендіріп қойған. Балалардың демалуына барлық жағдай жасалған деп ойлаймын.

Сонымен қатар «Астана-Арена» стадионының маңында екі мұз айдыны мен бір сырғанақ ашылады. Қысқы ойын-сауық орындары, сондай-ақ «Жасыл квартал» тұрғын үй кешенінің жанында, Үркер елді мекенінде және Жағалау скверінде пайда болады. Бұдан бөлек Ғашықтар саябағының аумағында, Қабанбай батыр даңғылы мен Қорғалжын тас жолының қиылысында жаңа жылдық фотоаймақтар орнатылады. Ал 18 желтоқсан күні Орталық саябақтағы үлкен шыршаны жағу салтанаты өтеді.

Мирлан Алтынбек, Қанат Махмұтов