«Астана» ХҚО соты мен Халықаралық төрелік орталығының беделі артты

«Астана» халықаралық қаржы орталығы соты мен Халықаралық төрелік орталығының дауларды шешуде ықпалы артып, инвесторлардың зор сенміне ие болды, деп хабарлайды 24kz.

Олардың шешімдері көпшіліктің көңілінен шығып жүр. Істі ағылшын жалпы құқық қағидаттары негізінде жүргізетін қос мекеме Лондонда биыл атқарған жұмыстарын қорытындылады.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- 2024 жылы «Астана» халықаралық қаржы орталығы соты және Халықаралық төрелік орталығы Қытай астанасы Бейжіңде әлемдік деңгейдегі өкілдігін ашып, дүниежүзілік аренадағы беделін одан әрі нығайта түсті. Бұдан бөлек, қос мекеменің кеңселері Еуразияның 8 елінде жұмыс істейді. Бүгінге дейін олар 32 мемлекеттің дауларын шешкен. Олардың басым көпшілігі Қазақстанның негізгі сауда серіктестері мен ТМД елдері.

Кристофер Кэмпбелл-Холт, АХҚО соты МЕН ХТО тіркеушісі және аппарат басшысы:

- Биылғы жылды өте табысты аяқтап жатырмыз. Бұған статистикалық мәліметтер мен еңбектеріміздің Қазақстанның дамуына қосып жатқан үлесі дәлел. Елге инвесторлардың көптеп келуіне ықпал еттік. Оларға халықаралық дауларды шешудің сенімді жүйесін ұсынатынымыз ұнайды. 

Салтанатты қабылдауда Қаржы орталығы сотының төрағасы Лорд Бернетт пен төрелік орталығының төрағасы Томас Крюммель жылды қорытындылай келе, алға қойылған стратегиялық жоспарларымен бөлісті. Іс-шараға сот судьялары, орталық қазылар алқасының мүшелері, сот пен орталық қызметін пайдаланушылар, сондай-ақ халықаралық заңгерлік компаниялардың аға серіктестері қатысты.

Эмма Саттон, LK Law LLP фирмасының заңгері:

- Біздің бірлестігіміздің күрделі коммерциялық және қаржылық даулар бойынша тараптардың мүдделерін қорғауда тәжірибесі мол. Қаржы орталығының соты және Төрелік орталығымен бірлесе отырып, халықаралық тағлымдама бағдарламасын әзірледік. Олар дауларды шешу саласында қажетті дағдыларды дамытуға бағытталған.

Бенджамин Ноулз, Clyde & Co компаниясының серіктесі және төрағасы:

- Компаниямыз сақтандыру, көлік, энергетика, инфрақұрылым, сауда және шикізат тауарлары бойынша заңгерлік қызметтер ұсынады. Қаржы орталығының соты және Төрелік орталығымен бірлесе оқыту бағдарламаларын ұйымдастырып, Қазақстанның кәсіби заңгерлеріне халықаралық дауларды дәйекті және сенімді дәлелдер келтіру арқылы шешуді үйреттік.

Қаржы орталығының соты мен Төрелік орталығы Орта дәліздегі және Еуразиядағы инвесторлардың мүддесін қорғауды одан әрі жалғастырады. Қос мекеменің жоғары беделі, әлемдік деңгейдегі инфрақұрылымы мен тәуелсіздігі және заң үстемдігін ұстануы инвесторлардың Қазақстанға деген қызығушылығын арттыра бермек.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы