Қостанайлық кәсіпкер пластик қалдығын кәдеге жаратып отыр

Қостанайлық кәсіпкер Андрей Зелевский шағын кәсіпорын ашып, пластик қалдықтарды қайта өңдеумен айналысады, деп хабарлайды 24KZ. Мүгедектігі бар жан мүмкіндігім шектеулі деп қарап отырған жоқ. Көз жанарынан айырылса да, халыққа қызмет көрсетіп, табыс тауып жүр.

Қостанайдағы орталық полигон күніне 180 тонна қатты тұрмыстық қалдық қабылдайды. Соның ішінде пластикке сұраныс жоғары. Андрей Зелевскийдің мына шағын цехында пластик қайта өңделіп, түрлі төсемтас пен жиектас, құлып пен тактильді плиталар дайындалады. Соңғы екеуін кәсіпкер өзі ойлап тапқан.

Андрей Зелевский, кәсіпкер:

- Құлып пен тактильді плитаға патент алдым. Өзімнің көзім көрмегеннен кейін өзге де замандастарымның жағдайы мені алаңдататыны рас. Сондықтан осыны қолға алып, зағип жандардың кедергісіз жүруі үшін барымды салдым. Бұл игі жұмыс деп бағалаймын.

Цех толық қуатымен жұмыс істесе, жылына 50 тонна пластикті өңдей алады. Оны шикізат ретінде пайдаланып, 3 есе көп өнім шығарады. «Құрамы қарапайым болғанымен, өнімдердің сапасы берік», – дейді кәсіпорын технологы.

Александр Мосунов, технолог:

- Жоғары температурада топырақ пен пластикті қыздырамыз. Кейін одан шыққан өнімді арнайы қалыпқа саламыз. Осындай қарапайым әдіспен дайындалады. Біз өнімдердің беріктігін тексеріп, сапалы екенін бірнеше рет дәлелдедік.

Әзірге кәсіпорын шағын тапсырыстарды ғана қабылдап жатыр. Келесі жылдан бастап мемлекеттік сатып алуға қатысу арқылы тапсырыс көлемін арттыруды жоспарлап отыр.

Андрей Зелевский, кәсіпкер:

- Экологиялық кодексте қайта өңделген материалдарды сатып алуға басымдық берілген. Бірақ баға мәселесін реттеу қажет. Мемлекет басшысы айтқандай, сапаға мән берілуі керек. Біздің өнімдердің сапасы жақсы, оған қоса қайта өңдеуден өткен.

Қазір Андрей 3 адамды жұмыспен қамтып отыр. Цехтағы құрал-жабдықты өзі жинаған. Егер тапсырыс көлемі артса, кәсіпорынын ұлғайту жоспарында бар. «Ал өңірде қажетті шикізат мол», – дейді кәсіпкер.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Наталья Строкова, Сергей Трахтенберг.