Оралда баспана кезегіндегі 44 отбасы қоныстойын тойлады
Тәуелсіздік мерекесі күні Орал қаласында 44 отбасы қоныс тойын тойлады. Олардың барлығы да – баспанаға мұқтаж жандар ретінде жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй кезегіне тіркелгендер. Одан бөлек жыл соңына дейін шаһарда кезектегілерге тағы 30 пәтер, ал «Отбасы банк» салымшыларына 400 пәтер тапсырылмақ.
5 бала тәрбиелеп отырған Ғабдрахимовтер әулеті үшін биылғы Тәуелсіздік күні ерекше есте қалмақ. Көп балалы отбасы бүгін көптен аңсаған баспанаға қол жеткізді. Бұған дейін олар тұрғын үй кезегіне тіркеліп, пәтер жалдап келіпті.
Айдана Құбашева, көпбалалы ана:
- Осындай көптен күткен қуанышты жаңалықтарға жетіп жатырмыз. Үлкен рақмет баршаңызға! Тәуелсіздік құтты болсын! Еліміз тыныш болсын, тек қана жақсылық болсын елімізде! Бүған дейін пәтер жалдап тұрдық. Жеті жыл болды кезекте тұрғанымызға.
Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасына сәйкес Оралда жыл басынан бері 200-дей отбасына пәтер сатып әперілсе, енді, міне, тағы 44 азамат баспаналы болды. Жаңа жылға қарай кезекте тұрған тағы 30 жанұя қоныстойын тойламақ. Одан басқа «Отбасы банк» салымшыларына 400 пәтер тапсырылмақ.
Азамат Халелов, Орал қаласы әкімінің орынбасары:
- Әлеуметтік осал топтар жергілікті атқарушы органдар кезегінде тұрған бір топ азаматтарға жаңа баспана кілті беріліп жатыр. Жалпы жыл басынан бері жергілікті атқарушы органдар есебінен 200-ден астам пәтер кезекте тұрған азаматтарға пәтер берілген болатын. Сонымен қатар «Ақжайық» шағынауданындағы 5 көпқабатты үйдің құрылысын аяқтап, рәсімдеу жұмысы жүріп жатыр. Ол «Отбасы банк» салымшыларына арзандатылған несие, төмендетілген мөлшерлемемен жаңа пәтерлер осы бағытта беріледі.
Биыл Оралда тұрғын үй құрылысы ерекше қарқын алды. Су тасқынынан зардап шеккендерге 451 үй жаңадан салынса, 2 мыңнан астам пәтер сатып алынды. Баспана кезегіндегі әлемуеттік осал топ өкілдері де ұмыт қалмақ емес.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Э. Аюпов.