«Egemen Qazaqstan» газетінің жарық көргеніне 105 жыл толды

«Egemen Qazaqstan» газетінің жарық көргеніне бүгін 105 жыл.

Ғасырдан астам уақыт ақпарат жаршысы болған басылым, әлі де оқырмандарын жоғалтпаған. Жарық көргелі сан түлеп, түрлене түсті. Ғасырдан астам уақытта елдің аға басылымы елдік саясаттың жаршысына, ұлттық мүдденің ұраншысына айналды.

«Егемен Қазақстан»  алғаш рет 1919 жылдың 17 желтоқсанында оқырмандарының қолына «Ұшқын» деген атаумен тиді. Қазақ даласына айшықты жерден хабар алғызған  басылым кейін «Еңбек туы», «Еңбекшіл қазақ», «Социалистік Қазақстан» болып қайта түледі. Ал тәуелсіздік алған тұста газет атауы «Егемен Қазақстан» деп өзгертілді. Бас басылымды талай мемлекет қайраткерлері басқарды. Олардың қатарында  Жүсіпбек Аймауытов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза сынды беделді тұлғалар болды.

Дихан Қамзабекұлы, "Қазақ газеттері" серіктестігінің Бас директоры:

- Сонымен бірге 1924 жылдары Алашқа әлі репрессия жүрмеген кезде Алаш зиялыларының бәрі дерлік осы «Еңбекші Қазақта» өз ой-пікірін жария етті. Біз сондықтан да «Егемен Қазақстанның» тарихи бастауында Алаш зиялыларының еңбегі, Ахмет Байтұрсынұлының ұстанымы, тұжырымжамасы тұр деп есептейміз. 

Егемен Қазақстанның қойнауы толған тарих. Олай дейтініміз ғасырдан астам уақыт Қазақ даласындағы қиын-қыстау кезеңнің  қадау-қадау проблемаларын қаузап, игілікті ісі болса жанашырлықпен үн қосты. Жалпы қай жылдары болмасын ел өміріндегі өркенді істерді оқырмандарға дер кезінде жеткізіп отырды.

Дихан Қамзабекұлы, "Қазақ газеттері" серіктестігінің Бас директоры:

- Бүгінгі Егемен Қазақстан уақыттың сын-қатеріне жауап беріп жатқан басылым. Қазір білесіздер ақпарат тек қана мерзімді басылымдармен есептелмей түрді электрондық ақпарат жүйелері, әлеуметтік желілер бар соның арасында осы бәсекеде  80 мыңнан астам данамен таралады.  Күнделікті интернет қаралым 30 мыңдай қаралам болып тұрады. 

Газет журналистері келелі мәселелердің кесімді шешім табуына кәсіби шеберлікпен атсалысты. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары «Егемен Қазақстан» егемен елдің еңсесін тіктеуге септігін тигізді. Қазірде газеттің ПДФ нұсқасындағы ақылы сандарына да сұраныс арта бастаған. Сонымен қатар, басылымға тілі шұрайлы, сараптамалық мақала жазатын жастар іріктеліп келеді.

Қамбар Ахметов, "Қазақ газеттері" серіктестігі Бас директорының орынбасары:

- Газет саласында жұмыс істейтін жас кадрларды көптеп дайындауға көп ден қойып отырмыз. Университеттермен өте тығыз жұмыс істейміз. Биылғы жылдың өзінде жас мамандар алдық. Еуразия университетімен арада келісім бар. Студенттер күнделікті сабағын осында жалғастырып, журналистер тәжірибесімен бөлісіп сабақ береді. 

Қазіргі таңда бас басылымның таралымы һәм қаралымы көп. Заман ағымына сай түрленген. Бүгінде аптасына 5 рет шығып, 80 мың данамен елдің түкпір-түкпіріне тарайды. Интернет нұсқалары да бар. Соның арқасында оқырмандарын әрдайым маңызды оқиғалардан хабардар етіп отырады.

Айнұр Қуатқызы Ғалымжан Әбділахат