Келер жылы Түркістан қаласы ерекше мәртебеге ие болады

Парламент Мәжілісі Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы заң жобасын әзірлеп жатыр.

Құжатта көзделген нормаларға сай, жергілікті билікке шаһарды дамыту үшін бірқатар жаңа құзіреттер беріледі. Туристік саладағы қолөнер шеберлеріне субсидия түрінде қолдау көрсетіле бастайды. Сондай-ақ заң жобасы Түркістанға инвестиция тарту көлемін арттырып, инфрақұрылымын дамытуға жағдай жасайды. Алдағы жылдары қаланың туристік тартымдылығы артып, экономикалық өсімі молаяды деген жоспар бар. 

Түркістан - Орталық Азия мен Тұран даласындағы көне қала. Тарихшылар араб жазбаларынан алынған деректерде оның Шавғар деген алғашқы атауы болғанын айтады. XІV ғасырда Қожа Ахмет Иассауи кесенесі салынған кейін шаһар Түркі әлемінің діни орталығына айналды. Енді міне, мыңжылдықтарды артқа тастап, киелі жер рухани және тарихи орталығымыз ретінде қайта жаңғырады. Түркістанға ерекше мәртебе беру - түркі әлемі үшін маңызы зор бастама.

Темір Қырықбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біріншіден, Мемлекет басшысы 2022 жылы Түркістан облысына сапары барысында жұмысты әрі қарай дамыту мақсатында берілген тапсырмасы осы Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру заң жобасы әзірленді. Біздің мақсатымыз бүкіл әлемге бұны Түркістан қаласын танымал қылсақ па деп жатырмыз. Өйткені өзіңіз білесіз түркі әлемінің рухани астанасы болғаннан кейін, 20-ға жуық хандарымыз жатыр ол жерде. Әрі қарай инвестиция тарту бойынша, дамуымызға. Бізде тарихи ескерткіштердің бәрін сақтау мақсатында, рухани мәдени салалардың барлығын дамыту мақсатында бұл қажет деп ойлаймын.

Түркістанның туризм саласын дамытуға 145 млрд тг инвестиция тарту көзделіп отыр. Былтыр шаһар 1 жарым млн турист қабылдаса, жыл басынан бері киелі жермен 950 мыңнан астам саяхатшы танысты. Аймақты дамыту жылына 2 млн-ға дейін турист тартуға мүмкіндік береді.

Бейсенбай Тәжібаев,Түркістан облысы әкімінің орынбасары:

- Облыс орталығы болғалы бері көртеген құрылыс жұмыстары, басқа да жаңарулар өзгерістер жүріп жатыр. Әзірге жергілікті және республикалық қорғаудағы 25 ескерткіштер тізіміне алынып отыр. Үлкен кесенемен бірге осы тарихи ескерткіштердің жойылып кетпеуіне, құрылыс жұмыстры жүргізіліп жатқан кезеңде бүлінбеуіне ерекше назар аударуға тиіспіз.

Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің айналасында бөгде құрылыс салуға шектеу қойылады. Аумақтан жүз метрлік қашықтықта биіктігі 7 метрден асатын нысан салынбайды. Тарихи орында ауқымы, түсі және құрылыс материалы бойынша ежелгі ескерткіштермен сәйкес келмейтін объектілер болмауға тиіс. Түркістан қаласының археологиялық ескерткіштерінің резерваты құрылады. Сол арқылы жәдігерлердің тұтастығын сақтау көзделіп отыр.

Бейсенбай Тәжібаев, Түркістан облысы әкімінің орынбасары:

- Үш жылдың көлемінде қалаға тартылған инвестицияның көлемі 915 млрд тг асады. Соның ішінде 458 млрды жеке инвесторлардың есебінен. Демек осы Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы бері сырттан келетін инвесторлардың үлесі арта бастады. Қалаға деген инфрақұрылым қалыптасқаннан кейін, облыс орталығына айналғаннан кейін шағын және орта кәсіпкерлік нысандарында қызмет ететін адамдардың саны да қазіргі уақытта 30 мыңнан асты.

Кейінгі 6 жылда Түркістан халқы 60 мыңға өсті. Бүгінде киелі шаһардың 230 мыңнан астам тұрғыны бар. Қаланың тарихи келбетін, ескерткіштері мен мұраларын сақтап, ұрпаққа жеткізу – үлкен жауапкершілік. Жаңа заң жобасын әзірлеуші топ бұны жергілікті тұрғындармен бірге талқылады. Ел ақсақалдарымен, зиялы қауыммен, тұрғындармен кездесулер өтіп, ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Алдағы уақытта шаһардың туризм мен қолөнер салаларынан бастап экономикасына дейін дамудың тың серпінін беру көзделген.

Рухани Әбдірахман, Жандос Жұмабек, Ғалымжан Әбділахат