Елорданың Алматы және Сарайшық аудандары жаңа жылға дайын

Ертең елордадағы басты шыршаның шамы жанады.

Қаладағы барлық ауданда жаңа жылға дайындық басталып кетті. Ал қала тұрғындары мен қонақтары әзірден қыс қызығына бөленіп жүр. Алматы және Сарайшық аудандарындағы мұз айдындарында сырғанап, түрлі архитектуралық нысандарды тамашалаған көпшілік арасында біздің тілшілеріміз де бар.

Үлкен-кіші асыға күтетін ғажайып мереке жақындап келеді. Жаңа жылдың сәні шырша да Елорда көшелерінде бой түзеп үлгерді. Мәселен, Астананың Алматы ауданындағы "Sana Sport" спорт кешені аумағындағы көрініс осындай. Мүсіндер мекені және жарық шамдармен көмкерілген мұз айдыны, әсіресе балалар мен жастардың мейрамалды қуанышын еселеп жатыр.

Сабина Алтаева, студент:

- Бүгін біз достарымызбен бірге катокқа келдік. Мен бұл катокта бірінші ретпін. Орын көп. Гирляндылар, атмосферасы маған қатты ұнайды. Жаңа жылда барлықтарыңызға мол табыс, бақыт тілеймін.

Сақылдаған сары аязға қарамастан қыс қызығын қызықтап жүргендер жетерлік. Өйткені еңселі шырша мен шағын архитектуралық нысандар көпшілік жүрегінен орын тапты. 

Інжу Сұлуайманова, оқушы:

-  Біз спортпен айналысқаннан кейін осы жерді біраз айналып, жақсы көңіл күйімізбен, новогодний настроениемен жүрген болатынбыз. Мына жерде шырша, мына жерде қонжықтар, пингвиндар тұр. Маған өте ұнап жатыр. Достарыма да қатты ұнап жатқанын білемін.

Ал бұл Тәуелсіздік даңғылындағы Оқушылар сарайы жанындағы атмосфера. Мұнда отбасымен сауық құрып жүрген тұрғындар мен қала қонақтарына слайдтар, фотоаймақ, мұз айдыны мен сырғанақ әзірленген. Жасыл шырша да қаланың көркіне көрік қосқалы тұр.

Ақмарал Оспанова, қала тұрғыны:

- Кішкентай баламды осы жаққа ойнатуға алып келдім. Үйдің жанына, Астанамыздың орталығына осындай балалар алаңын салып жатқанына әкімшілікке үлкен рахметімізді айтамыз. Келе жатқан жаңа жыл құтты болсын. Балаларға ұнап жатыр деп ойлаймын. Былтырғыдан үлкейтіп, жаңартып, үлкен балалар алаңын салып жатқанына өте қатты қуаныштымыз. Ата-аналар атынан, балалар атынан рахметімізді айтамыз.

Ертең, яғни 18 желтоқсанда Астанадағы басты шыршаның шамы жанады. 

Мерей Мұратханқызы, Арман Ақшабаев