Екібастұзда «Самғау» балалар шығармашылығы орталығы ашылды

с

Кеншілер мен энергетиктер шаһарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы бойынша салынған «Самғау» балалар шығармашылығы орталығы есігін айқара ашты. Президент 2023 жылдың тамыз айында Екібастұзға сапары барысында көпбалалы ана Аяна Смағұлова балаларды қосымша біліммен қамтитын орталық керек деген өтініш айтқан еді. Өскелең ұрпақты сапалы білім, саналы тәрбие беруде мұндай бастаманың маңызды екенін айта келе, Мемлекет басшысы орталық салып беруге уәде берді. Бүгін сол тапсырманың орындалғанына көпшілік куә болды. 

«Самғау» шығармашылық орталығының ашылуы ата-аналарды қуанышқа бөледі. Көпбалалы ана Аяна Смағұлова: «Президент сөзімізді жерге тастамады», - дейді.

Аяна Смағұлова, көпбалалы ана:

- Жақсы керемет, балалар үшін қуаныштымын, ең бастысы. Балалар үшін ғой барлығы. Отанымыз үшін сол. Керемет бәрі жақсы, осындай зәулім, заман талабына сай енді орталық салынып отыр. Сол үшін қуаныштымын.

Ғимараттың бірінші қабатында би залы, театр, жеке вокал мен музыка сабақтарына арналған бөлмелер және 275 орындық үлкен аудитория орналасқан. Орталық шығармашылықтың барлық түріне бейімделген. Арайлым Наутаева бейнелеу өнерімен айналысады. Мұнда сурет салумен әуестенетін балалар үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылған.

Арайлым Наутаева, оқушы:

- Мына жерде барлығы жаңа, әдемі және де көп нәрселер бар. Жаңадан келген оқушыларға құрал-жабдықтар көп.

Екінші қабатта жасыл технологиялыр орталығының ғылыми-биологиялық зертханасы орналасқан. Ландшафтық сәулет пен флористикалық дизайн студиялары, сондай-ақ пікірталас орталығы, медиа орталық, дыбыс жазу, телестудия сынды студиялар бар. Ал үшінші қабат толық робототехника мен компьютерлік модельдеу, ғарыштық радиобайланыс және радиотехника клубтарына арналған. Ең бастысы барлық үйірмелер тегін болады.

Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі:

- Бұл құрылыс менің ойымша жан-жақты талданып, сараптамалардан өтті және де сапасы керекті деңгейде деп санаймыз. Бұл енді «Самғау» орталығы жаңа ғана тіркелгеннен кейін мына бұл ғимарат өзі іске қосылды. Қазір уақытша 50-ге жуық ұстаздар қабылданды бұнда. Бұлар уақытша міндет атқарушы ретінде қабылданған. Әрі қарай конкрустық рәсімдер өтеді де осы қаңтар айының басына дейін толықтай 60 адамдай жұмысқа алынады.

Жобаның жалпы құны 5,3 млрд теңге. Толық демеушілердің қаржысына салынған. Заманауи орталықта 9 мыңнан астам бала, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балалар 12 бағыт бойынша қосымша білім алуға, өз-өздерін дамытуға мүмкіндік алды. Орталық ерекше қажеттіліктері бар балаларға толықтай бейімделген, лифт және көтергіш құрылғылармен, тифло және сурдоқұрылғылармен жабдықталған.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков