Мәскеуде Бауыржан Момышұлы туралы кітап жарық көрді
Мәскеуде Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай «Халық батыры» атты кітап жарық көрді.
Онда батырдың бұған дейін жарияланбаған архив материалдары, күнделік жазбалары мен хаттары кірген. Сондай-ақ марапаттар тізімі мен соғыс жылдарында жазылған өмірбаяны да енгізілді. Бұдан бөлек, Панфилов дивизиясына тікелей қатысы болған адамдардың естеліктері де берілген. Мұның бәрі Мәскеу мұрағаттарынан және жеке қорлардан табылды. Жинақты Мәскеудегі "Ескерткіш қоры" коммерциялық емес ұйымы шығарған.
Нұр Қирабаев, РХДУ профессоры:
- Ең маңыздысы, бұл кітапта Бауыржан Момышұлының тұлғасы жан-жақты көрсетіледі. Ол мінезі соғыс жылдарында қалыптасқан өте қарапайым адам болған. Бауыржан Момышұлын еске алу - тірілердің міндеті, жаңа ұрпақ үшін үлкен өнеге.
Раушан Қанапиянова, «Еуразия әйелдерінің форумы» үйлестіру кеңесінің төрағасы:
- Бауыржан Момышұлына Мәскеуден үлкен, еңселі, тамаша, символикалық ескерткіш аштыруымыз керек. Оның атына көше де беру қажет. Мына "Халық батыры" кітабын мектеп оқушыларына оқыту керек.