Мақаншы ауданында айналма жол қашан салынады?
Абай облысындағы «Таскескен-Бақты» тасжолының Мақаншы ауданы тұсындағы айналма жол құрылысының басталатын түрі жоқ.
Тұрғындар біраз жылдан бері бұл мәселені көтеріп жүр. Мақаншының дәл ортасынан ағылып жүк көліктері өтетіндіктен, жолдың жағдайы нашарлаған. Халықтың алаңдайтын жөні бар, жол бойында үш мектеп орналасқан. Тұрғындар тағы да жергілікті биліктен көмек сұрап отыр.
Ерлан Нұрсұлтанов күн сайын сабақтан кейін оқушыларын автобусқа дейінөзі шығарып салады. Өйткені балалардың өмірі үшін алаңдайды.Тоғыз жолдың торабында орналасқан Мақаншының дәл ортасынан мыңдаған жүк көлігі ағылып өтіп жатыр.
Ерлан Нұрсұлтанов, мектеп мұғалімі:
- Таможнядан өтетін ірі көліктер кептеліс жасап осы орталық жолда екі-үш дтп болды. Мақаншының ішінде. Енді әзірше балалардың оқиғасы тіркелген жоқ өмірінің қауіпсіздігі бойынша. Жаман айтпай жақсы жоқ дейді. Мақаншы құрылғалы бері айтып келеміз, айналма жол өте керек.
Таскескен-Бақты тасжолымен тәулігіне мыңдаған автокөлік әрі-бері қатынайды. Көлік дәлізінің бойында көлік кептелісі жиі болады. Ауыл халқы жүргізушілердің жол ережесін сақтамайтынын айтып қынжылды. Жылдамдықты асырған көліктердің қатысуымен ірі жол апаттары да болды,-дейді тұрғындар.
Әбен Разуев, Мақаншы ауылының тұрғыны:
- Кезінде болған. Осы күре жолдың бойында адамдарды қағып кеткендігі. Балаларды қаққан. Мынау Найманбай мектебінен түскі уақытта балалар үлкен нөпірменен шыққан кезде жолды жүгіріп өтеді, жан-жағына бағдарлай алмай қалады. Баланың өтетінін өтпейтінін байқамай қалған шофер дағдарып қалатыны белгілі.
Жергілікті әкімдік өкілдері мәселеден хабардар. ТҮКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы айналма жолды жөндеуге жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатқанын жеткізді.
Серікбол Есетов, аудандық ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
- Айналма жолдың керегі өте маңызды болып тұр. Өйткені ауыр жүк көліктері ауылдың ішінен өтеді. Қауіпсіздікке байланысты биылғы жылы құжаттарына 30 млн теңге бөлініп, конкурстық рәсімдер өтеді. Жеңіп шыққан компания белгілі болады. Сонымен 25-жылдың 11 айларында аяқтаймыз.
Жауаптылар 9,5 шақырым айналма жол 2025 жылдың соңына дейін салынып бітеді деп сендірді. Күре жолдың құрылысына бюджеттен шамамен 450 млн теңге қаржы жұмсалмақ.
Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов