Астанада «Есірткісіз елорда – дені сау ұрпақ» акциясы өтті

Астанада «Есірткісіз елорда – дені сау ұрпақ» акциясы өтті.

Науқан аясында белсенділер қала көшелеріндегі есірткі жарнамаларын жойып, тұрғын үй қабырғаларына нашақорлыққа қарсы үндейтін суреттер салды. Тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Еліткіш заттармен күрес "Таза Қазақстан" акциясы аясында да жүргізіліп келеді.

Бұл бас қаланың белсенді жастары. Есірткі саудасының жолын кесу азаматтық міндетіміз дейді. Осы кезге дейін екі мыңнан астам еліткіш заттардың жарнамасын жойып, екі жүзге жуық сайтты бұғаттауға мұрындық болған. Олар бүгін де нашақорлыққа қарсы күрес жүргізіп, атаулы акцияға атсалысты. 

Анелия Нұрхамитова, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының маманы:

- Бүгінгі таңда Байқоңыр ауданының әкімдігімен қосыла отырып есірткі жарнамалары бар бояуларды кетіру мақсатында осы акцияны өткізіп жатырмыз. Бұл акция бізде 40 астам акция болып өтті. Ол біздің Астана қаласының бес аудандық әкімдігімен бірлесіп өткізілген іс-шаралар бар. Осы акцияның мақсаты бізде жасөспірімдердің нашақорлыққа тартылмауы. Яғни қазіргі таңда мұндай жағдайлар өте көп болып кетті. 

Лейла Рахимова, Астана қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі:

- Жыл басынан бері полиция қызметкерлері есірткіге қатысты 400-ге жуық қылмыстық іс қозғады, оның 300-і тыйым салынған тауар түрін сатуға қатысты. Қылмыскерлер 10 жылдан аса бас бостандығынан айыру жазасына кесіледі. Сондықтан ешқашан өміріңізді есірткімен байланыстырмаңыз. Өзіңіздің және өзгенің балаларына назар аударыңыз.

Қазір есірткіге қарсы қозғалыстың сабында 6 мыңнан аса волонтер бар. Солардың бірі Даниял Келгенбаев. Белсенді жас бұл ісі арқылы замандастарын нашақорлықтан сақтағысы келеді. Есірткі саудасын тоқтату да асыл арманым дейді.

Даниял Келгенбаев, волонтер:

- Біз бүгін есірткі жарнамаларын жою үшін бас қостық. Әсіресе жастар нашақорлықтан аулақ болса екен дейміз. Қала көшелерінде тыйым салынған тауар сататын сайттардың сілтемелерін кездестіруге болады. Оларды тауып, жоямыз. Сондай-ақ, тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз.

Атаулы акция жыл бойы 40 мәрте ұйымдастырылды. Науқан аясында жарнамаларды жоюмен қатар, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 15 мың үн парақ таратылды.

Шернияз Жалғасбекұлы, Ақылбек Есімсейтов, Аружан Шуақбай