ZAKON.KZ ақпараттық агенттігіне 25 жыл толды
Отандық бұқаралық ақпарат құралдары арасында өзіндік орыны бар Zakon.kz ақпараттық агенттігінің құрылғанына 25 жыл.
Ширек ғасыр бұрын басылым заң нормаларын, экономика, салық саласындағы тың жаңалықтарды халыққа қарапайым тілмен жеткізіп, түсіндіріп отырған. Оқырманның қалауын тапқан интернет-басылымның көкжиегі кеңейіп, бүгінде ірі медиа компания атанып отыр.
Zakon.kz ақапарт агенттігінің әу бастағы мақсаты өзгермеген. Күрделіні қарапайым тілмен түсіндіру, оқырмандардың көкейкесті сұрақтарына жауап беру – ұжым жұмысының негізгі қағидасы. Бүгінде Zakon.kz-те еліміздің барлық өңірлерінен, алыс-жақын шет елдерден өз ісінің майталмандары қызмет етеді. Олар маңызды ақпаратты жедел әрі шынайы жеткізеді.
Диас Аманкелді, Zakon.kz ақпараттық агенттігінің коммерциялық директоры:
- Сіз қалаған тіліңізде оқи аласыз біздің сайтымызды. Орысша оқығыңыз келсе орысша оқисыз, тағы да қазақша оқи аласыз. Бізде қазақша нұсқасы бар. Сондықтан әлеуметтік желілер дейміз сіз қазақша zakon.kz инстаграмда таба аласыз, телеграмда таба аласыз.
Zakon.kz ақпарат агенттігінің 10 миллионнан аса тұрақты оқырманы бар. Материалдар ай сайын 25 миллионнан аса қаралым жинайды. Агенттік тілшілері ширек ғасырда 500 мыңнан аса мақала жазған. Еңбегі еленген басылым соңғы бес жылда екі рет "Жылдың үздік жаңалықтар порталы" атанып, ұлттық URKER сыйлығын жеңіп алды.
Әйгерім Тарина, Zakon.kz ақпараттық агенттігі қазақ редакциясының шеф-редакторы:
Zakon.kz мына қазақ тілді аудиторияның талаптарын ескере отырып көбінесе мысалы сараптамалық, аналитикалық, журналистік зерттеу, деп жатамыз. Сондай жаңалықтарды көбірек беруге тырысамыз. Ал ең басты біздің принцип – тек тексерілген, ресми құзырлы орган өкілдерінен болсын сондай жаңалықтарды беру.
Zakon.kz хабар таратумен шектелмейді. Әр өңірде құқықтық көмекке мұқтаж адамдар үшін жыл сайын «Халық заңгері» акциясын өткізіп, қарапайым халыққа тегін кеңес береді. Сондай-ақ оқырманның көкейіндегі сұраққа жауап беру үшін авторлық материалдар жиі жазылып тұрады.
Аршын Кемелжан, Эдуард Кон