Қазақстан рекордтар кітабына 25 жыл толды
Қазақстан рекордтар кітабына 25 жыл.
Жинақ екі жыл сайын, жаңа рекордтармен толығып отырады. Биыл 13-рет басылып шықты. Қысқартып оны КИн-ЭС деп атайды. Жаңа шығарылымы Алматыда таныстырылды. Кітапқа енгендердің барлығына сертификат берілді.
Әлемде 50-ге жуық ел өздерінің рекордтар кітабын шығарады. Қазақстан рекордтар кітабы 1999 жылдан бастап шығып келеді. Басында ешқандай суретсіз, дерек қана жазылып, шағын болып басылып шыққан. Кейін келе үлкен энциклопедиялық жинаққа айналды. Соңғы шығарылымында 1400 дерек, 1500-ден аса фотоиллюстрация енген. 540 беттен тұрады.
Қуаныш Тазабеков, Қазақстан рекордтар кітабының бас редакторы:
- 13 бөлімнен тұрады. Географиядан бастап спортпен аяқталады. Экономика бар, әлеуметтік салалалр бар. Мәдениет бар. Ең бастысы ағартушылық мәні бар. Шығармашылық белсенділікке ғана тартатын рекордтарды тіркейміз.
КИнЭС-ке енетін жетістіктерді, сарапшылар ұжымы мұқият тексереді. Кез келген ерекше іс-әрекет немесе құбылыс ғажайыптар кітабына ене бермейді. Бастысы оның тәрбиелік мәні болуы тиіс. Мәселен, ең көп тамақ жеуден ұйымдастырылатын жарысқа қатысушылар есепке алынбайды. Оның орнына еліміздің абыройын асқақтатқан жандар кітапқа енеді. Солардың бірі Анар Бурашева.
Ол әлемдегі ең биік Эверест шыңын бағындарған тұңғыш қазақ қызы. Анар спортпен 10 жылдан бері айналысады. Соның 4 жылын тек альпинизмге арнаған.
Анар Бурашева, альпинист:
- Біз 12 мамырда Kazakh Everest Team тобының ішінде Мақсұт Жұмаевпен әлемнің ең биік шыңы Эверест шыңына шыққанбыз. Бұл 8848 метр.Экспедиция 45 күн болды және штурм 5 күндей болды.
Ал скайраннер Шыңғыс Байкашев 3 жарым сағат ішінде Еуропаның ең биік шыңы Эльбрусқа көтерілді. Ол халықаралық экстремалды спорт фестивалі аясында жоғарыға жылдамдықпен шығудан жарысқа түсіп, 300 спортшының арасынан жеңімпаз атанды.
Шыңғыс Байкашев, скайраннер:
- Red Fox Elbrus Race фестивалі 20 жылдан бері өтіп келеді. 15 мемлекеттен қатысушылар келеді. Солардың ішінде үздік атану оңай емес. Өз басым КИНЭС кітабына енем деп мақсат қойған жоқпын. Бірақ қуанышты жағдай. Кітапта, тарих бетінде қалдым. Бүгін құрмет көрсетіп сертификат табыстады.
Қазақстан рекордтары кітабының бас редакторы Қуаныш Тазабековтың айтуынша, жинақ екі жылда бір рет шығады. Бұл жолғы мерейтойлық кітаптың тиражы мың дана.
Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон