БҚО-да ең ірі мал бордақылау кешенінің жұмысы жанданды
Батыс Қазақстан облысындағы ең ірі мал бордақылау кешенінің жұмысы қайта жанданды.
Янайкин ауылындағы 9 мың басқа арналған бордақылау алаңы 2010 жылы салынды. Алайда, содан бері жұмысы жөнді жүрмеді. Тірлігі тұралап қалған кәсіпорынды сатып алған «Терра Ақжайық» серіктестігі енді өндіріс қуатын бір жарым есе арттырып, Иран мен Қытайға ет экспортын бастамақ.
Оралдан 60 шақырым жердегі Янайкин мал бордақылау алаңы осыдан 14 жыл бұрын салынды. Алайда жарты жыл да жарытып жұмыс жасамады. Банкрот болған кешенді биыл аукционнан «Терра» серіктестігі сатып алыпты. Жаңа инвестор кәсіпорынның қуатын 9 мың бастан 15 мың басқа жеткізген. Екі жылдық жем-шөп қорын әзірлеген.
Қайыржан Наурызғалиев, «Терра Ақжайық» ЖШС директоры:
- Қараша айында мал сатып алуды бастадық. Қазір мұнда 1200 бұқа бар. Келер жылы 15 мыңға жеткіземіз. Алдағы айда ет комбинатын іске қосамыз. Бұрын малды Өзбекстанға шығарсақ, енді Иран мен Қытай нарығына жол салу жоспарда. Жылына 2-3 мың тонна ет экспорттаймыз.
Бұрын облыста жалпы қуаттылығы 25 мың басқа арналған 13 мал бордақылау алаңы болса, Янайкин кешенінің жұмысы қайта жанданған соң өңірде 40 мың бас бордақыланбақ. Кәсіпорынның еңсе тіктеуіне 4 млрд теңге айналым қаржысы тартылыпты. Енді мұнда 100 жұмыс орны ашылды. Қызметкерлерге жаңадан үйлер салынған.
Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:
- Мемлекет Басшысының қойып отырған тапсырмасы - инвестициялық әлеуетін арттыра отырып, экономиканы әрі қарай дамыту. Осындай үлкен мал бордақылау алаңдарын «Ауыл аманаты» бағдарламасымен ұштастыратын боламыз. Осы жерде якорный мекеме болады. Болашақта мал бордақылау алаңдарының көлемін 50-70 мыңға жеткізу жоспарда.
Орал өңірінде 1 миллион сиыр, 2 млнға жуық қой-ешкі, 300 мыңдай жылқы малы бар. Сондықтан ет экспортын арттыруда аймақтың әлеуеті зор, дейді мамандар.
Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов