Қазақстанда Euronews-тің өңірлік кеңсесі ашылды
Салтанатты шараға мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Euronews директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас қатысты.
Қазір қазақ халқының мәдени мұрасы мен елдің инвестициялық жобалары жөнінде еуропалық ақпараттық тәуліктік арнада 10 бағдарлама мен сұхбат жарияланды. Сонымен қатар төл өнеріміз, мәдениетіміз бен өмір салтымыз жайлы (("Modern Nomads")) Модэрн Номадс телешоуының 20 саны, елдегі іскерлік және экономикалық оқиғаларды қамтитын 10 өңірлік бағдарлама, аймақтың танымал қайраткерлерімен 10 сұхбат және басқа да көптеген репортаж дайындалу үстінде. Енді бұл кеңсе, алдағы уақытта мәдениеттер арасындағы диалог алаңына айналып, жаңа идеялар мен креативті шешімдерді ілгерілетуге үлес қоспақ.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
- Euronews кеңсесінің ашылуы тек географиялық ауқымды кеңейту емес, сондай-ақ Қазақстанның бай мәдени мұрасын, заманауи жетістіктерін әлемге көрсетуге берілген жаңа мүмкіндік деп білемін. Бүгінде бірлескен ынтымақтастық аясында 39 миллионнан астам көрерменді қамтыған Көшпенділер ойындарының материалдары трансляцияланды. Мемлекет басшысы қазақстандық мәдениетті, туристік және инвестициялық әлеуетті халықаралық деңгейде таныстыруды тапсырған болатын. Менің ойымша, бұл кеңсенің ашылуы осы жұмыстарға жаңа серпін беретіні сөзсіз.
Педро Варгас, Euronews директорлар кеңесінің төрағасы:
- Euronews – 31 жылдық тарихы бар жетекші ақпараттық ұйым. Қазір бізде 400 миллионнан астам үйге жеткізілетін көп тілді контент бар. Бізді ай сайын 150 миллион адам қарайды. Қазақстан мен Орталық Азия жайында ақпарат бұл жобада міндетті түрде болуы тиіс. Біз халықаралық аудиторияны Қазақстанның экономикасы, мәдениеті және мұрасы жайында ақпараттандыруға бағытталған жұмыстарды жалғастырамыз. Сонымен қатар біз Қазақстанның жарқын болашағын көрсететін үш түпнұсқалық телешоуды әзірлейміз.