Елордада балалар арасында театрландырылған қойылым қою байқауы өтті
Елордалық оқушылар театрландырылған қойылым арқылы көрерменге заң мен тәртіпті сақтаудың маңыздылығын жеткізуге тырысты.
Бүгін Астанада отбасылық қарым-қатынасты нығайту және ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында байқау өтті.
Заң және тәртіп қағидасы аясында өткен балалар байқауының іріктеу кезеңіне Сарыарқа ауданының 27 мектебі қатысты. Қазылар алқасының көңілінен шыққан 5 команда ақтық сайысқа жолдама алды. Іріктеуден іркілмей өткен өрендер көрерменді түрлі сахналанған қойылымдармен таңқалдырды.
Бірі сыпыптастарына әлімжеттік жасайтын бұзақыны сомдаса, екінші бір топ адам өміріне немқұрайлы қарайтын дәрігердің образын көрсетті. Қойылымдардың тақырыбы әртүрлі болғанымен, көрерменге салар ойы бір. Заңға бағынып, болашақта қателікке бой алдырмау.
Әлішер Жанай, қатысушы:
- Қазіргі заманда буллинг, кибербуллинг сынды мәселелер елімізде өршіп тұр. Осыған қарамастан, біздің жастарымыз аталған мәселелерге араласпау үшін біз өз жағдайымызды дұрыстауымыз керек. Біз осы мәселеген байланысты бүгінгі концертте қойылым қоямыз. Осы арқылы елімізге үлкен пайдамызды тигіземіз.
Қазылар алқасы ұстаздар, мәдениет қайраткерлері мен құқық қорғау органдарының өкілдерінен құралған. Олар қатысушыларды актерлік шеберлігі үшін ғана емес, жазылған сценарий мен қойылымның мәнін көрерменге жеткізу қабілетіне қарай бағалады.
Дарын Дүйсенғалиев, Сарыарқа ауданы прокурорының орынбасары:
- Мұндай іс-шаралар қылмыстық әрекеттердің салдарын көрсетіп, азаматтардың құқықтарын қорғаудың маңыздылығын түсінуге ықпал етеді. Сонымен қатар жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуда шешуші рөл атқарады. Барлық қатысушыларға құқықтық мәдениетті дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс айтқым келеді.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар ақшалай сыйлықтарға ие болды. Сондай-ақ жас өрендер үздік актер, үздік сценарий, үздік киім үлгісі сынды аталымдар бойынша марапатталды.