Елдің бірқатар аймағында қар, бұрқасын, көктайғақ болады

Таңғы 06:00-де Ақтөбе облысының аумағында кеше жабылған бірқатар жол ашылды.

Маржанбұлақ, Мәртөк, Атырауға қарай Қарауылгелді ауылы маңында көліктер жүре алады. Батыс Қазақстан облысының Барбастау ауылы тұсында да жол ашық. Дәл қазір Астанада қар ұшқындап, сырма жүріп тұр. Сондай-ақ Ұлытау, Қарағанды, Қостанай, Батыс және Солтүстік Қазақстан және басқа да бірқатар аймақта жел ұйытқып, жаяу бұрқасын соғады. Маңғыстауда жел көтерілген, көктайғақ. Ал Шығыстағы таулы аймақтарда осыған дейін күн суытып, кей ауылда оқушылар қашықтан оқыған еді. Өскеменнің өз басында қазір 14-15 градус шамасында аяз.