Бейнебақылаудың ақылды жүйесі енгізіледі
Өскемен қаласында үш мыңға жуық бейнебақылау камерасы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
Келер жылы олардың қызметі мен бағдарлау ауқымы кеңейеді.
Асқар Жапаров, ШҚО «Цифрландыру және мұрағаттар басқармасының ақпараттық технологиялар орталығы» КММ басшысы:
- Өскемен қаласында 5 832 камера орнатылып жатыр. Оған дейін 2 700 бейнебақылау камерасы орнатылған еді. Бұдан басқа құқықбұзушылықтарды тіркеуді жүзеге асыратын кешендер облыс орталығында 159-ден 242-ге дейін ұлғайтылады.
Бейнебақылау камералары құқық қорғау қызметінде маңызды рөл атқарады. Әсіресе жол-көлік ережесін сақтамайтындарды анықтауда таптырмас құрал. Мәселен, былтыр тәртіп сақшылары жол жүру тәртібін бұзған тоғыз мыңға жуық жүргізушіні анықтаған. Ұсақ тәртіп бұзғандар да алысқа ұзамайды.
Еркін Мүсілімханов, Өскемен қаласының Полиция басқармасы Жедел басқару орталығының аға инспекторы:
- Биыл бейнебақылау камераларының көмегімен тәртіп сақшылары 100-ден астам қылмыстың ізін суытпай ашты. Сонымен қатар Жедел басқару орталығы технологияларын қолдана отырып 14 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.
Сонымен қатар Өскеменде қазір тек бейнебақылау камералары емес, автокөлік нөпіріне сараптама жасайтын, қылмыстық істердің жолын кесуге сеп болатын бағдарлама енгізіліп жатыр. Мұны қауіпсіздік қалқаны десе де болады. Жасанды интеллектіге негізделген жаңа жүйе адамның бет-әлпетіне, көлік түрлеріне талдау жасайды. Мұндай құрылғылар мектеп пен әлеуметтік нысандардың жанына және қылмыс көп тіркелетін орындарға орнатылады.
Біздің жаңа бағдарламалық қамтамасыз ету мемлекеттік нөмірі бойынша автокөлікті табуға мүмкіндік береді. Бірінші автокөліктің маркасы, екінші, нөмірі бойынша қай мемлекетке тиесілі екенін анықтайды.
Бейнебақылау кешені мәліметтердің таралуына жол бермейді. Кибер-шабуылдардың жолын кеседі. Қазір Өскемен, Риддер және Алтай қалаларына автономды интернет желісі тартылып жатыр.
Руслан Гинеттенов, Жабдық жеткізуші компанияның өкілі:
- Бұл желі үшінші тарап провайдерлеріне тәуелді емес. Яғни желілерге мемлекет иелік етеді. Сондықтан шектеу енгізілген. Тек мемлекеттік органдарға ғана қол жетімді болады.
Бейнебақылау камералары назарына іліккен әр қадамды қалт жібермейді. Бұған тұрғындар да бейімделе бастаған. Әуелі бұл құрылғы көлік жүргізушілерін тәртіпке салады. Қалада бейнекамералар істен шыққан тамыз айында 88 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Дәл сол сәтте жол-көлік апаттарының саны екі есе артқан.