Зергерлік бұйымдар импорты өсті

Зергерлік бұйымдар импорты өсті

Қазақстан зергерлік бұйымдар экспортын 5 есе азайтты. 10 айда 3 тонна өнімді сыртқа шығардық.

Ақшаға шаққандағы көрсеткіш те 3 есе төмендеп, 7,5 млн долларды құрады. Бағалы әшекейлерді Ресей, Германия, Швейцария, Италия, Франция, Тәжікстан, Румыния және Ирландия алып отыр. Экспорт азайғанымен, ішкі нарық отандық өніммен толыға қойған жоқ. Тіпті, сырттан келетін зергерлік бұйымдар үлесі арта түскен. Дүкен сөрелеріне 79 мың тоннаға жуық алтын және күміс әшекейлер қойылған. Бұл 33 пайызға артық көрсеткіш. Қазақстандықтар Ресей, Армения, Франция, Италия, Швейцария, Ұлыбритания, Таиланд және Испанияның бағалы әшекелерін кәдеге жаратып жүр.

Зергерлік бұйымдар экспорты:

3 тонна (5 есе↓) $7,5 млн

Ресей – 3,7 млн

Германия – 949,2 мың

Швейцария – 580,1 мың

Италия – 481,7 мың

Зергерлік бұйымдар импорты:

78,7 тонна (32,7%↑) $125,2 млн

Ресей – 53,7 млн

Франция – 18,4 млн

Италия – 18,1 млн

Таиланд – 7 млн

 Әлемде күміс қымбаттады.

Келесі жылы әлемде күміс бағасының өсу қарқыны алтынды басып озуы мүмкін. Немістің бағалы металдар бойынша компаниясы осылай болжайды. Доллардың құбылуы күміс құнын да едәуір арттырып жіберді. Мұны әсіресе отандық зергерлер қатты сезінді. Бұл аздай шикізат тапшылығына тап болды. Олардың пайымынша, күмісті өңдеушілер бағаның тағы өскенін күтіп отырған сыңайлы. Зергер Ертай Сәрсенов кәсібін алғаш бастаған тұста күмістің ең қолжетімді металл болғанын айтады. Ол кезде дайын өнім құны да арзан еді. Қазір таза күмістен жасалған әшекей бұйымдардың қымбат екені белгілі. Соған қарамастан халық тарапынан сұраныс бар. Ал шикізаттың жетіспеуі сол тапсырысқа кері әсер етіп жатыр. Әзірге зергерлер күмісті грамдап алып амалдап жатыр. 

Ертай Сәрсенов, зергер:

- Сырға, сақинаны алсақ, шамамен бағасы 30 мың теңге болса, қазір 2-3 мың теңге ғана қосып отырмын. Уақытша ма деп отырмын. Кезінде де доллар қымбаттап, қайта түсті ғой. Қазір адамдар сынған материалдарын әкеп беріп жатыр. Материал тапшы. Әзірге күтудеміз.

Зергерлік бұйым құнына не әсер етеді?

Әрине, зерлерлік бұйымдар жасау аса табысты кәсіп емес. Шеберлер көбіне өнімдерін көрмелерде сатады. Демек, әшекейдің құнын шарықтату қисынсыз. Өйткені тұтынушыларынан айырылуы мүмкін. Қазір қазақстандық арулар той-томалақтан бөлек, ұлттық зергерлік бұйымдарды күнделікті тағып жүруді трендке айналдырды. Әсіресе, сақина, сырғаға сұраныс көп. Оның үстіне күміс бұйымдардың пайдасы зор. Әшекейдің әдемі әрі берік болуы үшін шебер барын салады.

Ертай Сәрсенов, зергер:

- Бағасына келетін болсақ, шикізаттың бағасы кіреді. Әр шебердің шыққан шығыны бар, газ кетеді, уақыт кетеді. Барлығы есептеледі. Әр шебер бағаны өзі қояды.

 Астыртын цехтар мемлекетке шығын әкеледі.

Отандық нарықтағы әр 10 әшекейдің 9-ы жалған немесе контрафактілік өнім. Бұл мәселенің көтеріліп келе жатқанына аз болған жоқ. Қазіргі көрсеткіш еселеніп кетуі де бек мүмкін дейді сарапшылар. Себебі азаматтар сападан гөрі, бағаға көңіл бөледі. Ал сапалы өнімнің қолжетімді бола бермейтіні түсінікті. Отандық зергерлер нарықтағы орнын айқындау үшін арнайы сертификат алып, өнім белгісін көрсетуді қолға алған. Сондай-ақ елде зергерлік бұйымдарды таңбалауға ден қойылып жатыр. Өйткені астыртын цехтар жұмыс істейді. Олардың жалған өнімдері мемлекетті де шығынға батырады. Алыпсатарлар қымбат әшекейлер үшін салық төлемейді. Сауда орталығындағы немесе жабық базардағы орны үшін ғимарат иесіне төлем төлеумен шектелуі ықтимал.

Әшекей бұйымдар құны рекордтық деңгейге жетті.

Доллардың құбылуы отандық зергерлік бұйымдар нарығына әсер етті. Мысалы, қарашада бағалы әшекейлердің орташа айлық құны 6%-ға өскен. Бұл 2022 жылдың наурызынан бергі рекордтық өсім. Түркістан облысында алтын бұйымдар 16 пайызға қымбаттапты. Дегенмен, бағаның өзгеруін барлық аймақ халқы бірдей сезінген жоқ.