Қалдықты қайта өңдеу ісі кенжелеп тұр
Оралдың орталығындағы мына экопункт макулатура мен пластик құтыларды, қолданылған күнбағыс майын, қалайы-темір-алюминий бұйымдарды сатып алады.
Ашылғанына бір апта болыпты. Қажетсіз қалдықты арқалап күніне 20 шақты адам келсе, басым көпшілігі балалар. 7 жастағы София Кузнецова үйде жиналып қалған қағаздарды әкеліп тапсырыпты.
София Кузнецова, оқушы:
-Үйдегі қағаздарды лақтырмай жинап, осында алып келдім. Енді әр апта сайын қалдықтарды осында әкелетін болдық. Бізде пластик бөтелкелер мен картон көп. Берген ақшаны жинап тәттілер сатып аламын.
Ахмедияр Күнбаев, Қалдық қабылдау пунктінің қызметкері:
– Жұмысы жақсы жүріп жатыр. Негізінен жас балалар, оқушылар келеді. Сосын пенсиядағы үлкен кісілер келеді. Картон-қағаз 10 теңгеден келісі, «подсолнуха отработанный» 60 теңгеден литрі, пластик 50 теңгеден, металл, алюминий банкілер энергетика банкілер келісі 50 теңгеден.
Дегенмен бұл қалдықтың бәрі бірдей қадеге аспайды. Күнбағыс майы мен макулатурадан басқасы облыста өңделмейтіндіктен қоймаларда жиналады. Өзге өңірге, немесе Ресейге апарады. Тасымал шығыны көп болғандықтан, тұрғындардан қабылдау бағасы да төмен дейді мамандар.
Рафхат Данағұлов, Коммуналдық мекеме басшысы:
-Қазір халық тапсырып жатыр, көріп жатырсыз. Бірақ жинап жатқан нәрселердің жартысын біздер қайда жіберерімізді білмейміз. Мысалы батарея соны қабылдайтын өңдеушілер жоқ. Пластикті де жергілікті өңдеушілер жоқ, Қазақстан бойынша жоқ. Ресейге жіберуге тура келіп отыр. Қағаз-картон қадеге жарататын бір жергілікті өңдеуші бар. Ол кісі қағаз аламыз дейді, бірақ картон алмамйыз, дейді.
Облыста тұрмыстық қатты қалдықтарды қадеге жарату жағы кенже қалғаны жасырын емес. Жылына 130 мың тонна қалдық шығарылса, соның 22% ғана қайта өңделеді. 10 мың тонна пластмассаны қабылдайтын және көлік шинасынан резеңке төсеніштер шығаратын екі зауыттан басқа ірі кәсіпорындар да жоқтың қасы. Осы олқылықтың орнын толтыру келер күндердің еншісінде дейді экологтар.
Фариза Сұлташева, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы:
- Осы мәселені шешу үшін жергілікті кәсіпкерлерге биылғы үкімет тарапынан жарияланған 3 пайыздық 5 жылға дейін несие беруді ұсындық. Алайда осы бағдарлама бойынша «Жасыл дамудың» талаптарының қатаңдығы, құжаттарды жинаудың қиындығы, немесе бастапқы жарна 20 пайызды салу талаптары бойынша бұл кәсіпорындар бас тартты.
Дегенмен қалдықтарды қайта өңдеудегі түйінді мәселелер келешекте шешімін таппақ. Биыл қоқысты сұрыптап, қадеге жарататын зауыт салу жөніндегі кәріс инвесторларының жобасы облыста мақұлданып, қазір жер телімі де беріліпті.