Ұшақ апаты: ауруханада 6 жолаушы қалды

Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақта болған Әзербайжан азаматтары өз еліне қайтты. Олар әрі қарай туған жерінде ем алады. Ал Ақтау ауруханасында 6 жолаушы қалды. Бұл туралы Үкімет комиссиясының мүшелері брифингте мәлімдеді.

Екі ел дәрігерлерінің тексерінен соң ауруханада жатқан 14 Әзербайжан азаматы арнайы рейспен өз еліне жеткізілді. Оның ішінде бір бала бар. Ақтау ауруханасында қалған жолаушылардың үшеуі Әзәрбайжан болса, қалған үшеуі Қырғызстан азаматы.

Жанар Байманова, облыстық Көпбейінді аурухананың бөлім басшысы:

- Қазіргі уақытта Әзербайжан Республикасынан келген мамандармен науқастар қаралып, 14 науқас тасымалдауға жарамды деп саналып, дәл қазір арнайы бортпен өз елдеріне шығарылып салынды.

Тимур Мұратов, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:

- 6 науқастың төртеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Ес-түссіз жатқан бір науқастың жеке бас мәліметтері белгілі болды. Құжаттарын анықтадық. Алайда жағдайы тым ауыр және тұрақсыз. Ем-дом шаралары жалғасады. Кадр мен дәрі-дәрмек жеткілікті.

Көлік министрінің айтуынша Ақтау әуежайының қызметкерлері апат алдында жедел әрекет етіп, ұшақтың қонуына жағдай жасаған. Әуе кемесін құрастырушы компанияның өкілдері елге келеді. Сонымен қатар Әзербайжан, Ресей, Канада, Бразилия сарапшылары тартылады.

Талғат Ластаев, ҚР Көлік вице-министрі:

- Халықаралық тергеу алгоритмі бар. Алдымен қара жәшікті зерттеу үшін арнайы комиссия құрылады. Елге шетел сарапшылары келеді. Содан кейін ғана келесі қадамдарға қатысты ортақ  шешім қабылданады.

Облыстық көлік прокурорының айтуынша 4 мың шаршы метр аумақты алып жатқан оқиға орны тексеріліп, ұшақтың бөлшектері жиналып жатыр.  Сонымен қатар диспетчер мен экипаж арасындағы әңгімелердің жазбалары алынды. Брифинг барысында вице-премьер апатқа себеп болуы мүмкін болжамдарға қатысты пікір білдірді.

Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Қазір бірқатар сараптама тағайындалды. Олардың нәтижесінсіз ешқандай қорытынды шығара алмаймыз. Тергеу жалғасып жатыр. Әзербайжаннан да, Ресейден де оқиға себебіне қатысты ресми нұсқа келіп түскен жоқ.

Қаза тапқан қазақстандықтардың отбасына қаржылай қолдау көрсетіледі. Отбасыларға 5 млн теңгеден бірреттік көмек беріледі. Сонымен қатар балалары кәмелет жасқа толғанға дейін жәрдемақы тағайындалады.