Шабақ құтқару жұмысы қайта жанданды
Атырауда балыққа тағы қауіп төнді. Сарыөзек каналындағы бөлінген суларда миллиондаған шабақ қалып қойған.
Осыған орай облыстағы құзырлы мекемелер жаппай құтқару жұмысына жұмылдырылды. Қазір өзек басында 50 адам мен 12 техника балық қорғау инспекторларымен бірлесіп су маржандарын сүзуге кірісті. Кешеден бері 900 мыңға жуық шабақ өзенге жіберілді. Көктемде арнасынан асқан Жайық 25-30 шақырымға дейін жайылып, бұрынғы сайлар мен өзектерді толтырған болатын. Су тартылғанда шағын тоғандарда балық қалып қойған. Сарыөзек каналынан негізінен сазан, жайын және құты балығының шабақтары шығып жатыр. Құтқару жұмыстары мұз қатқанша жалғасады.
Артур Сәдібекұлы, Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Бұл шабақтарды маусым айынан бастап құтқару жұмыстары жүргізілуде. Күні бүгін көріп тұрғандарыңыздай құтқару жұмысы әлі жалғасуда. 24 желтоқсаннан бастап Сарыөзек каналында құтқару жұмыстары мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғам белсенділері арқасында жүргізілуде. Жалпы осы күнге дейін маусым айынан бастап Атырау облысы бойынша 95 млнға жуық шабақ құтқарылып, Жайық өзеніне жіберлді.