Нумеролог жылан жылына болжам жасады

Пәтер мен көлік сатып аламын десеңіз, асықпаңыз. Себебі ауқымды жоспарлар мен аяқ асты шешімдерді 2026 жылға қалдырған жөн. Нумерологтар осылай дейді.

Жалпы жылан жылында бізді не күтеді? Сандардың сырын шертетін мамандар қандай болжам жасап отыр?

Альмира Оразбай, тілші:

- Жылан жылынан бірі қауіптенсе, енді бірі «береке келді» деп қуанады. Дегенмен оның тарихтағы өзіндік орны бар. Сонау 1905 және 1917 жылдардағы төңкерістер, 1929 жылғы әлемдік экономикалық дағдарыс, тіпті Ұлы Отан соғысының басталуы да – осы жылан жылының еншісінде. Дегенмен қаймана қазақ күнтізбедегі осы бауырымен жорғалаушыны «бетбұрыс» уақыты деп, ұлт үшін сабақ алатын кезең ретінде қарастырған. Артық ойға жол бермеген.

Батырхан Жұмабай, ҚР Ұлттық музейінің аға ғылыми қызметкері, этнограф:

- Жылқы жылы жұтсыз дейді, мешін жылы мерейлі, ит жылы игілік, доңыз жылы дүниелі, жылан жылы жайлы болады деп әу бастан белгілеп қойған. Сондықтан тек жылан жылынан атам қазақ жақсылық қана күткен. Тарихымызда XX ғасырда түрлі оқиға болғанымен де, кейін екінші жартысын алатын болсақ, қазақ халқында жақсы оқиғалар да болды ғой. Нақты жылан жылы аласапыран немесе берекетсіз жыл деп ешқашан айтылмаған.

Ал сандардың сырын шертетін нумерологтар 2025 жылға өз болжамын жасаған. Жадыра Каладинованың айтуынша, бұл жыл жай жылан емес, Шығыс күнтізбесі бойынша «Жасыл ағаш жыланы» екен. Демек ол еліміз үшін ауқымды жобаларға жол бастайды. Ал экономикалық тұста Қазақстан бірқалыпта болмақ.

Жадыра Каладинова, нумеролог:

- Доллар да көтеріліп жатыр, басқа мемлекеттерде де үлкен дағдарыс болып жатыр. Алла сақтасын, соғыс болып жатыр. Біздің мемлекетіміз ол жағынан бәрі жақсы. Бірақ сол дағдарыстың ішіне кіргеннен кейін, бір бөлігі болғаннан кейін қазір соңғы жылда 2025 жылда тағы да бір кішкене өздеріңізге уақыт беріп, тағы да ресурстарды жинап, 2026 жылға дейін шыдай тұратындай бір кезең болады.

Кәсіп дөңгелетіп, нәсіп табамын деушілерді тұрақтылық күтіп тұр. Бірақ саудаға келгенде пәтер, жер телімі немесе қымбат көлік секілді мүлік сатып алуға кеңес берілмейді. «Мұндай ауқымды жоспарлар мен аяқасты шешімдерді 2026 жылға қалдырған жөн», - дейді нумеролог. Сол секілді отау құруға да асықпауға кеңес береді. Сондай-ақ барлық жанжалды өзара келісіп, жұмсақ күшпен шешіп алған абзал.

Жадыра Каладинова, нумеролог:

- Материалды жағынан мақсатты нәтижеге жеткізу емес, мақсатты қою жағын ойлаған дұрыс. Жылдың өзінің энергетикасы болады, адамның өз басы энергетикасы болады. Сондай кезде жылдың энергиясымен өз басты энергияң сәйкес келмей қалуы мүмкін. Сол кездерде маңызды шешімдерді қабылдағанда кішкене күте тұрған дұрыс.

Қазақтың нанымында жылан даналықтың символы ретінде қабылданады. Ал өз еңбегін адал атқарып, сабырлық танытқандарға жылан жылының берер сыйы мол.

Авторлары: Альмира Оразбай, Мерей Талап