Шымкентте 6 жайлы мектеп пайдалануға берілді

Шымкентте жаңа тоқсаннан бастап 7 мыңнан астам бала оқуын жайлы мектепте жалғастырады, деп хабарлайды 24kz.

Аймақта 6 заманауи білім ордасының құрылысы аяқталып, әдістемелік оқу құралдары мен түрлі зертханалық кабинеттермен жабдықталды.

Ең бастысы, жаңа нысандардың ашылуы бала саны шамадан көп мектептердегі мәселелерді шешуге сеп болмақ.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:

- «Тұран-2» шағын ауданында салынған бұл жайлы мектеп 1200 орынға лайықталған. Тазалық пен қауіпсіздікке ерекше көңіл бөлініп, балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасалған. Оқу ордасының директоры «Мың көшбасшы» кадрлық резервінен таңдалып, педагогтарға конкурс жарияланды.

Рысгүл Ыбраева, қалалық №144 жалпы орта білім беру мектебінің директоры:

- Өте мықты, өзіне сенімді, тәжірибелі, санатты мұғалімдер келеді деп күтіп үміттеніп отырмыз. Себебі, бізге «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында мемлекет тарапынан, Оқу-ағарту министрлігі тарапынан жалпы халық тарапынан үлкен міндет жүктеліп отыр.

Заманауи оқу ордасында ерекше қажеттілігі бар балалар үшін пандустар мен жеделсатылар және арнайы коворкинг алаңдар қарастырылған. Шығармашылық қолдау орталықтары құрылып, спорттық үйірмелер жұмыс істейді. Мұндай мектеп «Тұран-2» шағын ауданынан бөлек, «Жаңа Тұрлан», «Ұлағат», және «276-орамда» салынды. Сонымен қатар «Бозарықта» 2 мың орындық білім ұясы ашылып, Ақжарда 600 балаға арналған мектеп құрылысы аяқталды.

Әшіргүл Жұмабекова, қала тұрғыны:

- Бұдан бұрын қазір де немерелерім оқып жатыр қатынап. Енді бұйырса, мынау ашылды. Ауыстырамыз ба деп отырмыз. Біз оқығанда мұндай мектептер жоқ еді. Сапалы білім береді деп үміттенеміз енді алдағы уақытта.

Шымкентте 21 мектепте бала саны шамадан көп, орын жетіспейді. Басқарма өкілдерінің айтуынша, осы мәселені шешу үшін ұлттық жоба аясында жалпы 11 «Жайлы мектеп» салынды. Нәтижесінде 16 мыңға жуық жаңа орынға ата-ана келісімімен оқушыларды көшіру тәртібі қарастырылады.

Гүлнәр Дәрібаева, қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Бірінші кезекте басымдылықты сол шағын аудандарда тұратын балаларға береміз. Екінші кезекте жалпы ата-аналардың өтінішіне сәйкес сол жерде білім алғысы келетін білім алушыларды қабылдаймыз. Ниет білдірушілердің қатары көп. Толмай қалу немесе бала тиісті дәрежеде қабылдай алмай қалу деген қауіп жоқ.

Шымкентте барлығы 18 «Жайлы мектептің» құрылысы жоспарланған. Биыл қалған жеті білім ордасын қолданысқа беру үшін құрылыс жұмыстары қызды. Сала мамандарының айтуынша, ол үшін шалғай шағын аудандарда жер телімі таңдалынып, оқушының орталыққа қатынамай-ақ сапалы біліммен қамтылуына жағдай жасалады.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Самат Нағашбекұлы