Қарапайым жұмысшының еңбегін қаншалықты бағалап жүрміз?

Түркістан облысының коммуналдық саласында екі мыңнан астам адам жұмыс істейді. Таң атқаннан кеш батқанға дейін тыным таппайтын жандардың еңбегі орасан.

Олар қала халқы ұйықтап жатқанда тазалыққа кіріседі. Аулалар мен көшелерді тазалап, қоқысты жинап, жолдарды сыпырып жүретін қарапайым жұмысшының еңбегін қаншалықты бағалап жүрміз?!

Темірлан ауылының тұрғыны Әсем Әріпбай 27 жылдан бері Ордабасы ауданындағы коммуналдық салада еңбек етеді. Тазалық қызметкері таңғы 07:00-ден бастап жұмысқа кіріседі. Алпысты алқымдаған ананың аптасына 6 күн сыпырғышы қолынан түспейді. Зейнеткерлікке шыққанына қарамастан қимыл-қозғалысы ширақ, еңбектен қашпайтынын айтады.

Әсем Әріпбай, тазалықшы:

- Қыста, осындай қалың қар түскенде мынау ер азаматтың жұмысы демейміз. Бәріміз қолымызға күрегімізді ұстап, қардан тазалаймыз. Азанда осы тұрғындар еркін жүрсін, біреуі құлап жатпасын деп жұмыла кірісіп,  тазалауға әрекет жасаймыз. Кез келген уақытта шақырса, біз жұмысқа шығуға дайынбыз.

Темірлан ауылының тазалығын қамтамасыз етуге сексенге тарта адам жұмылған. Қыстың қара суығында мұзды ойып, қар күрейтін олар жаздың аптап ыстығында да ағаштардың түбін әктеп, айналаны барынша таза ұстауға тырысады.

Бахтияр Әлішеров, жұмысшы:

- «Жұмысқа шығыңдар», - дейді, шыға береміз. Жауын-шашын болса да шыға береміз. Кез келген уақытта шыға береміз. Әйел кісілер де жұмыс істейді. Зейнетке шыққан әйелдер де жұмыс істейді. Олардың алдында біз шаршадық деуге де ұяламыз, үлкен кісілер жұмыс істеп жатқаннан кейін. Жұмыстың ауыры да, жеңілі де болады ғой.

Қыстыгүні энергиямен жабдықтаушылардың да жұмысы қауырт болады. Жел тұрып, боран соққанда электр желілерін жиі зақымдап, жұрт жарықсыз қалуы мүмкін. Сондықтан электриктер де күн-түн демей бағана басына шығып, үзілген желілерді жалғайды. Халыққа үздіксіз жарық сыйлауға барын салады.

Қайрош Смайыл, энергетик:

- Жел тұрады, қар жауады, жауын жауады. Біз шығамыз. Бұзылған жерін жөндеп, елге, халыққа, көшеге свет береміз. Өйткені қараңғы болса, оқушылар тайғанап құлап, қараңғы жерді көрмей қалады. сол үшін біз уаықтпен санаспай, жұмыс істей береміз. Тапсырмамыз көп, соның бәрін орындауға тырысып жатырмыз.

Жалпы Түркістан облысында екі мыңнан астам адам коммуналдық салада еңбек етеді. Қарапайым жұмысшылардың еңбегі қандай құрметке болса да лайық. Себебі олардың жұмысын атқару екінің бірінің қолынан келмейді. Ерекше төзімділік пен сабырлықты қажет етеді. Еңбектен қашпағандар ғана айналаны тазартып, халықтың ыстық ықыласына бөленеді. Елдің алғысын арқалаған жандар «Жұмысшы мамандықтар жылында еңбек ақымыз көбейсе» деген тілегін жеткізді.

 

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш