Өскеменде полицейлер биік сырғанақтардың қауіпсіздігін тексерді
Өскеменде полицейлер мен құтқарушылар биік сырғанақтардың қауіпсіздігін тексерді, деп хабарлайды 24kz.
Көбі демалушылар үшін қауіпті болып шықты. Құзырлы органдар қысқы демалысты ұйымдастырушыларға ескерту жасады. Таулы аймақтар мен көлік жолдарына жақын орналасқан алаңқайлар ерекше бақылауға алынды.
Өскемендік құтқарушылар үшін қыста жұмыс көбейеді. Мысалы, майор Аслан Қапаев үрмелі шанаға отырып, балаларға таудан сырғанаудың қауіпсіз жолдарын үйретіп жүр.
Қыстың қызығына батқан балалар, әсіресе, сырғанаққа асығады. Дәл осы кезең өңір құтқарушылары үшін аса маңызды. Себебі, бүлдіршіндер таудан қауіпсіз түсу ережелерін толық біле бермейді. Сондықтан арнайы рейд ұйымдастырды.
«Мұндай шеберлік сағаты балалар үшін аса қажет», - дейді төтеншеліктер. Өйткені таулы өңірде арнайы сырғанайтын орындар жеткіліксіз.
Аслан Қапаев, ТЖБ Азаматтық қорғаныс тобының аға офицері:
- Бұл жерде жаңағы таулы аймақ деп атап өткеніміздей, қауіптілігі де көп. Және жанымызда облыстық маңызы бар авто, тасжолдар бар. Соған байланысты ата-аналардың назарына осы сырғанау орындарына келген кезде арнайы жабдықталған орындарды таңдау және артымызда көріп тұрғандай жерлерде сырғанамауды ұсынамыз.
Сырғанаққа келген экстремалды спортқа құмар тұрғындар да қауіпсіздік ережесін естен шығарады. Тасы мен ағашы көп аумақтар полицейлердің үнемі бақылауында. Тәртіп сақшылары айыппұл салмағанымен, ескерту жасап, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Еркебұлан Биболов, қалалық полиция басқармасы үлбі полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің бастығы:
- Кәмелетке толмаған жасөспірімдер және олардың заңды өкілдерімен сырғанау алаңдарында өздерін қалай жүріп-тұруын түсіндіреміз. Қандай да болмасын жарақаттың алдын алу бойынша осындай профилактикалық әңгімелесулер күнделікті жүргізілуде.
Қаладағы демалыс орындарында сырғанақтың қоршаулары металдан жасалған. Сондықтан саябақ басшылығы мұнда келушілерге алдымен қауіпсіздік ережелерін түсіндіруі керек.
Ботагөз Мейірханова, саябақ әкімшісі:
- Бізде арнайы сырғанау орындары жоқ. Өткен жылы осындағы автотұрақ алаңына өзіміз қолдан құйып жасағанбыз. Өкінішке орай демалуға келетін көліктердің көптігінен қайта бұзуға тура келді.
Анна Эрлих, қала тұрғыны:
- Қалада демалатын арнайы орындар аз. Әсіресе, қысты күндері балалармен бірге келетін алаң жоқ. Осы жағы ұйымдастырылмаған.
Өңірдегі полицейлер мен құтқарушылар, осылайша, тікелей қызметтен бөлек міндеттерді мойнына алып отыр. Олар оқушылардың қысты каникулы аяқталғанша көпшілік демалыс орындарында қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Вячеслав Ветлугин, Жигер Бабақанов