Республикалық маңыздағы 8254 шақырым жол жөнделеді

Жазғы жол құрылысы маусымында елдегі республикалық маңызға ие 8700 шақырым жолда түрлі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Атап айтатын болсақ, 3100 шақырым жаңартылып, 600 шақырым жол күрделі жөндеуден өтті. Ал 5000 шақырымда орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алдағы жоспар қандай?

2024 жылы елде 8700 шақырым республикалық маңыздағы жол жөнделді. Бұлардың қатарында Астана – Қарағанды – Алматы, Талдықорған – Қалбатау – Өскемен, Атырау – Астрахань, Ақтөбе – Қандағаш сынды экономикасындағы орны ерекше күрежолдар бар. Жолдағы жаңғырту жұмыстары 2025 жылы да жалғаспақ. “Қазавтожол” компаниясы республикалық маңызға ие 8254 шақырым жолда жөндеу шараларын қолға алады. 

Сәкен Ділдахмет, “ҚазАвтоЖол” ҰК АҚ ресми өкілі:

- Атап өтетін болсақ, Жезқазған - Қарағанды автожолы, Сарыағаш қаласының айналма жолы, Рудный қаласының айналма жолы, Ақтөбе - Ұлғайсын жолы, Қызылорда қаласының айналма жолы, Түркістан қаласының айналма жолы, Бейнеу - Бозой - Шалқар, Қызылорда - Сексеуіл және де Петропавл қаласының айналма жолы, республикалық маңызы бар автожолдарын біз яғни түрлі жөндеуден өткізіп, келесі жылы осы жаңа жобалар іске асатын болады. 

Жол сапасын арнайы мамандармен қатар халық өкілдері де қадағалап отыр. Жер-жерде қоғамдық бақылау ұйымдары құрылды. Олар мердігер жұмысына баға береді. Ал міндетіне салғырт қараған компания жауапсыз ұйымдар тізіміне енгізіліп, келешекте келісімшарттан қағылады.

Батыс Қазақстан облысы

Бауыржан Зәкиұлы, заңгер:

- Арнайы тізілім бар, реестр дейді. Қазіргі қолданыстағы заң бойынша оның бірнеше тәртібі бар енгізу бойынша. Шарт жасамаудан қашатын болса, немесе шартты орындасама, немесе кейбір жағдайда орындамаса, толық емес, мысалы ішінара кейбір жерінде, яғни оның әртүрлі сипаттамалары бар. Сондықтан олар реестрға түспес үшін әлгі компания, мердігерлер жұмысын сапалы жасап отыруға тырысады. Яғни ақшасынан қағылмас үшін реестрға түспеуге тырысып жүреді. 

Сәкен Ділдахмет, “ҚазАвтоЖол” ҰК АҚ ресми өкілі:

- Бұл азаматтар жұмыстың барысымен танысып, мердігер компанияларға сұрақтарын қойып, мынау жолда, егер жөндеу жұмыстары жүргізілген кезеңде ақаулары байқалса, өздері фото, видеоға түсіріп, жалпы, халық шынымен өзі бақылауға алып, өзінің бүгінгі күні мынау жөндеу жұмыстары өз үлестерін тигізді. Күнделікті жол қолданыста болғаннан кейін азаматтардың белсенді қатысқаны бізге өте маңызды.  

Жөндеу жұмыстары шеңберінде 994 шақырым қайта жаңартылады. Ал 390 шақырым күрделі жөндеуден өтіп, 6900 шақырым жол орташа жөндеу шараларымен қамтылады.

Нұрқанат Қанапия