Бірнеше ауыл орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз етіледі
Биыл жыл соңына дейін Шығыс Қазақстан облысындағы барлық ауыл орталық су жүйесімен қамтылады. Жаңа жылда жергілікті билік осындай міндет алып отыр. Елдімекендерге ондаған шақырым су құбыры жүргізіледі. Желілерді салуға және қайта жаңартуға 7 млрд теңгеден астам инвестиция тартылады. Нәтижесінде Өскемендегі әбден ескірген су құбырлары мен кәріз жүйесі 70 пайызға жаңартылады.
Өскеменнің сол жағалауындағы көпқабатты үйлердің жертөлесін жиі су басады. Себебі мұндағы су құбырлары мен кәріз жүйесі тозған. Жергілікті белсенді Игорь Морозов инженерлік желілерді жаңарту қажет дейді. Ол осы мәселемен коммуналдық кәсіпорынға сан мәрте өтініш жасаған. Себебі қазір қолға алмаса, уақыт өте үйдің жертөлесіне зиян келуі мүмкін.
Игорь Морозов, Өскемен қаласының тұрғыны:
- Құбырлар әбден тозған. Коллектор ескі. Бұл мәселені көптен айтып келеміз. Жертөлені күнара су басады.
Бұл үйлердің астындағы құбырлар 40 жылдан бері жөндеу көрмеген. Қаланың өзге шағын аудандарында да дәл осындай жағдай. Желілердің тозу деңгейі 73 пайызға жетті. Сондықтан су арнасының мамандары ауқымды жөндеу жұмыстарын бастады. Биыл Өскеменде апатты деп танылған 20 шақырымнан астам құбыр ауыстырылады. Жаңадан тартылатын пластик құбырларға энергетиктер кемінде 50 жыл кепілдік беріп отыр.
Наталья Лукерина, «Өскемен су арнасы» кәсіпорнының бөлім басшысы:
- 2025 жылғы 30 маусымға қарай шамамен 9 шақырым су бұру желілері және шамамен 10 шақырым сумен жабдықтау желісі іске қосылады. Айта кету керек мұндай ауқымды жөндеу жұмыстары осыған дейін болмаған.
Облысқа қарасты 4 ауылға орталықтандырылған су құбыры жүргізіледі. Ол елдімекен тұрғындары тіршілік нәрін әлі күнге көшедегі су алу қондырғысынан тұтынып отыр. Бұл жобаға шамамен 8 млрд теңге инвестиция тартылды.
Рауан Тұрысбек, ШҚО Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:
- Облыста 4 елдімекенге су құбыры тартылады. Аталған ауылдардың тұрғындары суды үйлерінің жанынан қазылған құдықтан ішіп отыр. Биыл осы жобаны қаржыландыру мәселесі шешілді.
Өңірдегі ауылдарды толықтай орталықтандырылған су құбырымен қамту жұмыстары 2025 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс. Жоба сәтті жүзеге асса 3 мыңнан астам тұрғынның мәселесі шешімін табады.