Өткен жылы отандық санавиация 2000-нан астам рейс жасаған
Қазақстандық санавиация өткен жылы 2000-нан астам шұғыл рейс жасаған, деп хабарлайды 24kz.
Оның ішінде 12-сі шетелдік бағыттар. Ел ішінде көбіне Ақтөбе, Абай және Қызылорда облыстарына жедел ұшып барған. Қанайналым жүйесінің бұзылуы, инсульт, балалардың патологиясы сияқты түрлі дерттерге байланысты көп шақырту түседі. Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы директорының міндетін атқарушы, Ержан Әділбеков осылай дейді. Оның айтуынша, ауыл тұрғындарына қолжетімді болу үшін елдімекендерде жедел жәрдемнің 200-ге жуық бекеті жұмыс істейді. Шамамен 900 санитарлық көлік жұмылдырылған. Аудандардың иелігінде 10 тікұшақ бар.
Ержан Әділбеков, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы директорының міндетін атқарушы:
- Адам бойында белгілі бір нормадан ауытқу байқалса, біздің мамандар телемедицинаға кіріседі. Яғни, жоғары санатты дәрігерлермен байланысқа шығып, науқасты емдеу жолдарын талқылайды. Егер пациентті ауруханаға дереу жатқызу қажет болса, шұғыл түрде санавиацияны жібереміз. Сондықтан әр шешім жағдайдың күрделілігі мен уақыттың тығыздығына байланысты қабылданады.