Алматыда биыл екі көше ұзартылып, бір жолайырық аяқталады

Биыл Алматыда жол инфрақұрылымына байланысты бірқатар ірі жоба аяқталады, деп хабарлайды 24kz.

Бірнеше жылдан бері құрылысы жүріп жатқан Саин көшесі, Ақын Сара көшесіне қосылады. Абай даңғылы қала шекарасына дейін созылады.

Аршын Кемелжан, тілші:

- Осы Жазда Саин көшесін Рысқұлов даңғылынан Ақын Сара көшесіне дейін ұзарту жұмыстары аяқталады екен. «Ұзындығы 3,2 шақырым болатын бұл жолдың арқасында Момышұлы көшесіндегі көлік кептелісі 40%-ке төмендейді», - дейді қалалық әкімдік. Алматылықтар көптен күткен жолдағы жер телімдерін сатып алу жұмысы да аяқталыпты.

Бұл жұмысты атқаруға 19,7 млрд теңге бөлінген. Саин көшесін созу үшін 66 жер телімі сатып алынған. Тағы бір маңызды жобаның бірі – Абай даңғылын қала шекарасына дейін ұзарту. «Осы маңдағы қалған бес участоктың иесімен келісімге келсек, жұмыс мамыр айында аяқталады», - дейді әкімдік өкілдері. Ал тұрғындар болса, құрылыстың тез аяқталып, инфрақұрылым жасалғанын қалайды.

Блиц 1:

- Наурызда қайтадан бастап бітіреді дейді ғой. Бітіп қалды ғой, аллея ғана қалды ғой. Мына жаққа автобус жіберсе жақсы болатын еді. Көп қар жауғанда жүре алмай қаламыз. Мына жарықтарды қосып берсе, бізге сол жақсы болатын еді.

Блиц 2:

- Автобуспен жүрген кезде байқап жүрмін, жол құрылыстары аяқталып қалған сияқты. Ал, кептеліс бұрын да болған, азаймайды деп ойлаймын. Машина, адам көбейіп жатыр ғой.

Блиц 3:

- Бітірсе бізге жақсы, мына қарапайым халыққа жақсы. Өйткені қар домбалап жүреміз, жаңбырда балшық мына жер, жүру қиын. Сонымен жүгіреміз былай. Өткенде Алатау жақпен кететінбіз, енді мынау ашылды, жақсы болды.

Маусымда 13,5 млрд теңгеге салынып жатқан Жансүгіров көшесі мен Сейфуллин даңғылының қиылысындағы жолайырық пайдалануға беріледі. Мұнда тоннель мен жерүсті жаяу жүргіншілер өткелін аяқтау қалды. Бұдан бөлек қалада бірнеше жобаның жұмысы жалғасып жатыр.

Айдос Желдікбаев, қалалық мобильділік басқармасының бөлім басшысы:

- Рысқұлов даңғылын 2,3 шақырымға созып, қала шекарасына дейін жеткізу жұмысы жүріп жатыр. Құрылысқа қажетті 274 жер телімінің 70-і сатып алынды. Төле би көшесінде ұзартамыз. Ол жақта 207 жер телімі мемлекет меншігіне алынды. Былтыр Жұбанов көшесінде де жұмыс басталды. Әзірге 577 үй иесінің 70-імен ғана келісімге келдік. Бұл жобалар биыл жалғасады.

Алматы экологиясы үшін бұл жобалардың қай-қайсысы болмасын маңызды. Себебі ауаға тарайтын зиянды қалдықтардың 60%-ке жуығы автомобильдерге тиесілі. Мамандардың болжауынша, жолға кететін уақыт қысқарса, көліктен бөлінетін түтін де азаяды.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Сұлтан Бейсекенов