Комиссия қорытындысы: мектеп асханасында тамақ қалдығы берілмеген
Алматы әкімдігі мектеп асханасын сынға алып, әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбаға қатысты жауап берді, деп хабарлайды 24kz.
Бірнеше күн бұрын алматылық тұрғын «оқушыларға тамақ қалдығы беріліп жатыр», деп видео жариялаған болатын. Тағы бір видеода бұрын желінбей қалған котлетті мұздатып қойып, қайта табаға салып, жылытып берілетіні айтылған. Әкімдік өкілдерінің хабарлауынша, мән-жайды анықтау үшін бүгін №67 мектепке арнайы комиссия барды. Олардың айтуынша, азық-түлік өнімдерін қайта пайдалану фактісі расталмады. Бірақ тамақтануды ұйымдастыруда бірқатар бұзушылықтарды анықтаған. Атап айтқанда, салаттар дұрыс дайындалмаған. Мониторинг қорытындысы бойынша мектеп директорына қатысты бақылауды әлсіреткені үшін тәртіптік шара қолданылады. Оған қоса, Алматы қаласының Санитарлық қауіпсіздік және бақылау департаментіне хат жолданды. Департамент тамақтандыру қызметтерін жеткізушіге қатысты жоспардан тыс тексеруге бастама жасайды.
Зоя Қойшыбаева, Алмалы аудандық білім бөлімінің басшысы:
- Ведомствоаралық сараптамалық топтың жұмыс тиімділігін арттыру үшін топ құрамы ұлғайтылды, бейінді сарапшылардың қатысуы күшейтілді және мониторинг регламенттері бекітілді. Жұмыс Алматы қаласының барлық білім беру мекемелерінде тамақтану сапасын қамтамасыз етуге бағытталған.
Сәуле Айтмағанбетова, мұғалім:
- Жоғары сынып оқушылары қараша-желтоқсан айында тамақтың тұрып қалғаны туралы айтып шағымданған. Әсіресе, пиццаға және тағы бір тегін ас түріне көңілдері толмағаны бар. Желтоқсан айының соңында мен де асханаға барып, тағамынан ауыз тидім. Котлет дәмсіз болды, қатып қалған. Жалға алушы мен директор тарапынан мені үркіту сияқты әрекеттер болды. Олар әлеуметтік желіден менің видеоларымның өшірілгенін қалады. Моральдық қысым жасады. Аудандық білім бөлімінің меңгерушісі келіп, бұл жағдайға қатысты ескерту жасаса да, мәселе «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалып отыр.