Талдықорғанда 101 жасқа толған соғыс ардагеріне құрмет көрсетілді

Талдықорғанда тұратын соғас ардагері Ысқақ Құсайынов 101 жасқа толды.

Қарт майдангер нәубет жылдардағы ашар-шылықты бастан өткеріп, Батыс және Шығыс майдандағы сұрапыл соғысты көрген. Ғасырлық тарихымыздың куәгері.

101 жасқа толған туған күнінде Ысқақ ақсақалға немерелері 11 айлық шөпшегін ұстатты. Маңдайынан иіскеткізіп, батасын алғызып, атамыздың жасын берсін» деп ырымдады. Бейбітшіліктің бесігінде тербеліп өскен ұрпағы үшін қарт майдангер аңыз адам.

Әділхан Қонақбай, соғыс ардагерінің шөпшегі:

-Мен атамды жақсы көрем. Оның медальдары көп. Ол өте мықты батыр болды. Ол соғыс ардагері болған. Атам мен үшін құрметті адам.

Алакөл ауданы Көлбай ауылында дүниеге келген ақсақал 16 ағайынды болыпты. Ашаршылық пен індет салдарынан бірінен соң бірі көз жұмып, отбасындағылардан жалғыз өзі аман қалған. Соған қарамастан 18 жасында соғысқа сұранып, бастапқыда Украина майданындағы, кейін Тынық мұхитындағы ұрыстарға қатысты. Кеме зенитшісі майданда мергендігімен танылған.

Гүлсімжан Ысқаққызы, соғыс ардагерінің қызы:

- Читада музей тұр. Соның ішінде Кранознаменный газетте ұшақ атып түсіргені туралы мақаласының ішінде кездестірілген. Сол мақалада «Сын Казахстана» деп шыққан. «Сын Казахстана» деген кітапша шықты. Сол жерде тұр. 

Елге келгеннен кейін Ысқақ ақсақал әке жолын жалғап ұстаздық еткен. Екі қызы мен немересін де қасиетті мамандыққа баулыды. Ғұмырының 40 жылдан астамын ұрпақ тәрбиесіне арнаған қария әрбір батасында «балалардың болашағы жарқын болсын», -деп айтып отырады. 

- Келешекте ойлаған іс-әрекеттерің мол болсын. Балалар бақытты болып, ойлаған мақсаттарына жете берсін. 

Ғасырдан аса ғұмыр кешкен майдангерді облыс әкімі мен қарулы күштердің ардагерлері құттықтады. Қазақы салтпен иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Айта кетейік, Жетісу жерінен екінші дүниежүзілік соғысқа 120 мыңнан аса адам аттанған. Қазір аймақта сұрапыл соғыс куәгерлерінің үшеуі  тұрады.   

Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосын