Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру жүріп жатыр
Елде көктемгі егіс және күзгі жиын-терімді қаржыландыру жүріп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Биыл бұл мақсатқа 700 млрд теңгеге дейін қаржы бөлінеді. Бүгінде «Аграрлық несие корпорациясы» шаруаларға «Кең дала 2» бағдарламасы аясында жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5% болатын жеңілдетілген несие қарастырған.
2024 жылы түрлі қиындыққа қарамастан қамбамыз астыққа толды. 23 млн гектардан аса жерге егіс егіліп, 27 млн тоннаға жуық дақыл жиналды. Бұл – соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткіш. «Бұл мемлекеттік қолдаудың, дала және егін жинау жұмыстарына дайындықтың жоғары деңгейінің нәтижесі», - дейді мамандар.
Ербол Тасжүреков, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
- Әрине, бұл, біріншіден, қолайлы ауа райы. Екіншіден, ең бастысы, біз қаржыландырудың көлемін көбейттік. Үш есе көбейттік. Одан бөлек, кепілдігі жоқ шаруа қожалықтар, компаниялар 85%-ке дейін даму қоры арқылы гарантия алады. Яғни, 15%-тік кепілдік бар болса, шаруа қожалықтың барлығы бекітілген 5%-тік несие алады.
Қамбаға астықтың көптеп түсуі, өнім экспортын да жақсартты. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Өзбекстанға 3,3 млн тонна, Қытай 1,7 млн тонна, Тәжікстанға 1,2 млн тонна астық жеткізілді. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 20%-ке артық. Сондай-ақ еліміз Иран мен Әзірбайжанға дақыл жеткізуді қайта бастады.
Мәрлен Оспанов, ҚР АШМ Сыртқы сауда басқармасының басшысы:
- Иран мемлекетіне 526 мың тонна астық жөнелтілді. Ол алдынғы жылмен салыстырғанда 2 есеге ұлғайып отыр. Әзербайжан мемлекетіне 211 мың тонна астық жөнелттік. Ол да 2 есеге жуық ұлғайтылып, оң нәтиже көрсетіп отыр.
Рекордтық көрсеткішке қол жеткізген шаруалар көктемгі егіс жұмыстарына білек сыбана кірісіп кетті. Мемлекет басшысының саланы ерте қаржыландыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, жеңілдетілген несие беру бойынша өтінімдерді қабылдау өткен жылдың 29 қарашасында басталды. «Аграрлық несие корпорациясының» «Кең дала 2» бағдарламасы аясында 674 шаруа 100 млрд теңге көлемінде қаржы алды.
Дәуренбек Қабдушев, шаруа:
- Енді оның ішінде 10 мың гектар бидай егеміз, 2,5 га қатты бидай, 1,6 га ячмень, 650 га бұршақ, сұлы 397 га, шемішке 968 га.
Биыл ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту да жоспарда бар. Үкімет осы бағытта 200 млрд теңге бөлуді көздеп отыр. Сондай-ақ фермерлер арасында сұранысқа ие техника түрлерін шығаруға басымдық берілмек. Мәселен комбайндарды шығару көлемі 43%-ке, тракторлар 35%-ке, тіркеме техникасын шығару 31%-ке ұлғайтылмақ.