Ақтөбелік қолөнерші сәбилерге табиғи әрі қауіпсіз заттардан қуыршақ жасайды

Ақтөбелік Оксана Гетина сәбилерге табиғи әрі қауіпсіз заттардан қуыршақ жасайды, деп хабарлайды 24kz.

Оның айтуынша, қолдан жасалған қуыршақ қауіпсіз. Ал шетелдік ойыншықтардан денсаулыққа қауіпті заттар жиі анықталып жатады. Дегенмен, ата-аналар балаларға ойыншық әпермей тұра алмайды.

Оксана Гетинаның қолындағы мақта мен сымтемір, гипс санаулы сағаттан кейін қуыршақ боп шығады. Қарапайым бұйымдарды желімдеп, түрлі түсті бояумен бояп ақшақарды мүсіндеуге кіріскен. Бұл заттардың барлығы да адам ағзасына зияны жоқ екені аян. Әуесқой қолөнерші, әсіресе, өткен ғасыр балаларын суреттегенді ұнатады. Интернетте сақталған бейнелерге қарап балалықтың бал күндерін мүсіндейді.

Оксана Гетина, қала тұрғыны:

- Мына қыздың суретін интернеттен алдым. Шамамен өткен ғасырдың 80-жылдары түсірілген. 15 жастағы жасөспірім болар. Мектептегі жаңа жылдық шыршадан сыйлық алып келе жатқан беті. Қуанышты көңіл күйін бейнелеуге тырыстым.

Расында да қаз қатар тізілген ойыншықтарды тамашалай отыра тарихқа көз жүгіртуге болады. Қуыршақтардың киімі мен сөмкелері, қолындағы бұйымдарына дейін өткеннен күннен естелік. Әрқайсысы бірегей туынды болуы үшін қолөнер шебері жүздерін әралуан етіп, түрлі көңіл-күйді бейнелейді.

Оксана Гетина, қала тұрғыны:

- Бұл ойыншықтардың келбет пішіні бір қалыпта құйылады. Бояумен сүреттеген кезде жүздеріне түрлі рең беремін. Мына қыз мәселен күлімдеп тұр. Екіншісінің көңілі қаяу. Ерке, тентек балалар да бар. Томпиған қыздың қолына тоқаш ұстаттым. Барлығы да қиялдан туындаған бейнелер.

Оксана Гетина жарты жылға жуық уақыт ішінде 40-тан астам қуыршақ жасаған. Шеберінің ойыншықтары көпшіліктің көңілінен шығып, тіпті Алматыда өткен қолөнершілер көрмесіне де арнайы шақырту алды. Алдағы уақытта ісмер әйел коллекциялық қуыршақтар жасауды жоспарлап отыр.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов