Алматы облысында 3 жылда үш ауысымды мектептер жойылады
Алматы облысында алдағы үш жылда үш ауысымды мектептер мәселесін түбегейлі шешу көзделіп отыр, деп хабарлайды 24kz.
Қазір облыстың орта білім ошақтарында 42 мың оқушыға орын тапшы. Мектептегі орын жетіспеушілігі, әсіресе, Іле, Қарасай, Еңбекшіқазақ, Талғар аудандарында қатты байқалады. Жаңадан құрылған Алатау қаласында екі орта білім ошағы үш ауысымда бала оқытып жатыр.
Ардақ Айбарұлы, тілші:
- Алматы облысында үш ауысымда білім беретін 33 мектеп бар. Соның 17-сі Іле ауданында орналасқан. Біз қазір Өтеген батыр кентіндегі №13 мектепке келіп тұрмыз. Мұнда 3 мыңға жуық бала қысылып-қымтырылып білім алып жатыр.
Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың есімі берілген бұл орта білім ошағы еліміз тәуелсіздік алған жылы құрылды. Ол кезде 350 оқушысы мен 34 мұғалімі бар еді. Ал қазір мұнда 2941 оқушыға 189 мұғалім білім береді. Мектеп ғимараты 1240 орындық. Өтеген батыр кентінде 4 мектеп болса, соның үшеуі үш ауысымды.
Аяулым Керімқұлова, М.Мақатаев атындағы №13 орта мектеп директоры:
- Жер телімі бөлініп, жаңа мектеп соғылады деп айтылып жатыр, жоспарлануда. Енді соған үміттенеміз.
Алматы облысы бойынша бюджеттік түсімдердің басым бөлігін Іле ауданы береді. Кәсіпорындар көп шоғырланғанымен, аудандағы мектеп жетіспеушілігі ата-аналар үшін де үлкен қиындық тудырып отыр.
Жақан Буканов, Өтеген батыр кентінің тұрғыны:
- Осы жердегі тұрғындардың балалары үшінші ауысымға бармай, екі ауысыммен оқып, соның бәрін бір ретке келтіру керек деп өзім ойлаймын.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша Алматы облысында 26 мектеп салынуы тиіс болса, өткен жылы 11100 орындық 9 мектеп пайдалануға берілді.
Гүлсара Исағұлова, Алматы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Сонымен қатар жалпы осы 9 мектептен бөлек тағы да 9 мектеп жергілікті бюджеттен және инвесторларды тарту арқылы мектептер салынып, барлығы 19 мыңнан аса оқушы орнын жойды. 2024 жылы берілген 18 мектептің 12-сі үш ауысымды мектептің проблемасын шешті.
Өңірде биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 17 орта білім ошағы салынады. Ол 11 үш ауысымды мектептің екі ауысымда бала оқытуға көшуіне мүмкіндік береді. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік арқылы 13 мектеп пайдалануға беріледі. Президент өз Жолдауында республика бойынша 1200 мектепті күрделі жөндеуден өткізу туралы тапсырма берді. Соған сәйкес Алматы облысында 91 мектеп жаңғыртудан өтеді.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов