Жетісуда жел трубиналарын құрастыратын құрылғы шығарылады
Елде жел трубиналарын құрастыратын және энергия жинайтын құрылғы шығарылады, деп хабарлайды 24KZ. Озық үлгідегі зауыт Жетісу облысындағы «Қорғас –Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағында салына бастады. Инновациялық жобаны «Қазақстан коммуналдық жүйелері» серіктестігі мен баламалы энергия өндіруде әлемдегі үздік бестікке кіретін «Envision Energy» компаниясы қолға алды. Игі бастама Қазақстан мен Қытай арасындағы «жасыл» энергетиканы дамыту жобасы аясында жүзеге асады. Кәсіпорын 300 адамды жұмыспен қамтиды.
Алғашқы іргетасы қаланған зауыт келесі жылдың үшінші тоқсатында іске қосылады. Сол кезде жылына 1 ГВт•сағат энергия өндіретін жел трубиналарының 250 данасы шығарылып, электр қуатын жинайтын 100 құрылғы құрастырылады.
Кейн Сюй, «Envision Energy» компаниясының вице-президенті:
- Біз «Қазақстан коммуналдық жүйелері» компаниясымен ынтымақтастықта жұмыс істейтінімізді мақтан тұтамыз. Біздің озық технологиямыз өндірілетін таза энергияны көбейтіп, ауаға шығартылатын көмірқышқыл газын азайтуға ықпал етеді. Тауардың 60%-і Қазақстан нарығына қалғаны Орта Азия және Ресейге экспортталады.
Бастапқы кезеңде құрылғыдағы отандық өнім үлесі 30% болады. Кейін оны 90%-ке дейін жеткізу көзделіп отыр. Шығарылған тауарға «Қазақстан коммуналдық жүйелері» компаниясы 20 жылға дейін кепілдік береді. Өндіріс орны еліміздегі энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Дінмұхамед Ыдырысов, «Қазақстан коммуналдық жүйелері» компаниясы бақылау кеңесінің төрағасы:
- Қазір «час-пик» дейді ғой. Сол кезде 10-15% электр энергияны Россиядан үш есе қымбат сатып аламыз. Бұл соның бәрін түсіруге көмектеседі. «Накопительдік батареялар» өте маңызды. Себебі бізде түнде, «электричество» керек емес кезде электр қуаты бос кетеді не арзан кетеді. Ал мына кешке, таңғы керек уақытта қымбат алынады. Біз сол түнгі электр энергияны жинап алсақ, арзан беретін едік. Ол бар жерге керек.
Елімізде 2060 жылға дейін баламалы және жаңартылатын қуат көздерінің үлесін 80%-тен асыру жоспарланған. Жаңа зауыт аталған межеге жетуге серпін беретін маңызды жоба болмақ.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосын, Айгүл Ғазизулина.