ШҚО-да атаулы әлеуметтік көмек алатындар 30% азайды

Шығыс Қазақстан облысында атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны 30%-ке қысқарды, деп хабарлайды 24KZ. Бұл жұмыспен қамту бағдарламаларының жемісі. Былтырдың өзінде көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін 32 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Жеке кәсібін бастағысы келетіндерге ақшалай гранттар да қарастырылды.

2024 жылы халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобына жататын 52 мыңдай  қазақстандық атаулы әлеуметтік көмектен бас тартқан. Олар мемлекетке қол қусырып қарап отырғанша өздігінен табыс табудың жолын тапқан. Мысалы, ел шығысында жұмыспен қамту бағдарламалары арқылы мемлекеттен жәрдем алатындардың саны 30%-ке төмендеген.

Динара Қожанова, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

- 2024 жылы Шығыс Қазақстан облысында бір миллиард теңгеге 1804 отбасына осы атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Атаулы әлеуметтік көмек алудың табысын арттыру мақсатында әлеуметтік бағдарламалардың түрлі құралдары пайдаланылады. Осы мақсатта өткен жылы облыста экономиканың әртүрлі саласында 32 400 жұмыс орны құрылды. Нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 2023 жылмен салыстырғанда 30%-ке азайды.

Гүлжамал Бершімбекова әйелдерді бизнеске баулиды. Әлеуметтік бағдарламалар желісі бойынша грант рәсімдеуге көмектеседі. Шәкірті бұрын атаулы әлеуметтік көмек алып келген төрт баланың анасы Кенжегүл Ақышева грант алып, шаштараз салонын ашты. Қазір Кенжегүл де белсенді әйелдерді жұмысқа орналастыруды қолға алған.

Кенжегүл Ақышева, кәсіпкер:

- Мен өзім осы грантқа қатысып, ол кезде 200 МРП, ақшамен санаған кезде 560 мың теңгені алып, қазір осындай үлкен шаштараз деп айтсам болады. Көпбалалы аналарымызды тегін оқытып, тегін дәріс беріп, үйретіп жатқан жайымыз бар. Үш «поток» шықты бізден, соның көбі жұмыс істейді, жұмыспен қамтылды. Соның бәрі – көпбалалы аналар.

Тұрсынай Байбалық алты бала тәрбиелеп отыр. Атаулы әлеуметтік көмек отбасын асырауға жетпегендіктен ғимарат жалдап, тігін цехын ашқан. Өңірде мұндай мысалдар көп. Солардың бірі – көпбалалы аналарға арналған бизнес-орталық ашуды жоспарлап жүрген Гүлжамал Бершімбекова.

Гүлжамал Бершімбекова, кәсіпкер:

- Дәл қазіргі таңда біздің аналарымыз осындай кішкентай ғана тігін цехында жұмыс жасап жатыр. Үш жыл уақыт ішінде көпбалалы аналарға «Жан-Ана» ҚБ өз кәсіптерін ашуға жол көрсетті. Яғни қазіргі таңға дейін 30-дан аса аналарымыз өз кәсіптерін меңгеріп, ашып алды.

Қазір Шығыс Қазақстан облысы бойынша екі мыңға жуық отбасы атаулы  әлеуметтік көмек алады. Былтыр осы мақсатқа 1 миллиард теңге бөлінген. Бірақ тұрғындардың көпшілігі жеке кәсіп ашып, тұрмыстарын түзеп жатыр.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин,  Жігер Бабақанов.