Маңғыстау облысында «Жайлы мектеп» жобасымен 13 мектеп салынады
Биыл Маңғыстауда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 13 мектеп қолданысқа беріледі. Бүгінге дейін 4 білім ордасының құрылысы толық аяқталды.
Заманауи үлгідегі білім беру мекемелерінің дені Ақтауда салынды. Қазір облыс орталығында үш ауысыммен бала оқытудағы біраз мәселе оң шешімін тапты.
Биыл Маңғыстауда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 13 мектеп қолданысқа беріледі. Бүгінге дейін 4 білім ордасының құрылысы толық аяқталды.
Заманауи үлгідегі білім беру мекемелерінің дені Ақтауда салынды. Қазір облыс орталығында үш ауысыммен бала оқытудағы біраз мәселе оң шешімін тапты.
Жаңа жылда №33-ші шағын аудан балалары жаңа мектептің табалдырығын аттады. Үш қабатты білім ордасының сыртқы сәулетінде, оқу құралдарымен жабдықталуында мін жоқ. Айта кетерлігі, ықшам ауданда тұрғын саны көп. Сол себепті 1200 орындық «Жайлы» мектепке бірден 900-дей оқушы қабылданды. Оларды 68 мұғалім оқытады. Соның ішінде 7 жас педагог ауысу тәртібімен келген.
Ақмоншақ Алтынбекқызы, қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі:
- Барлық оқу-құралдарына, тіпті отырған парта, орындықтарының өзі де оқушының сабақ оқуына, қабылдауына жағдай жасалынған. Мультимедиялық тақта, күнделікті сабақ өтетін тақталар мұғалімнің тіпті үстелі де арнайы талапқа сай. Бізге берілген талап - білімімізді арттырып, оқушының шамшырағын жағу.
Бексұлтан Нұрмұханұлы, мектеп директорының міндетін атқарушы:
- 33-ші шағын ауданда бұл мектептің ашылуы осы өзге шағын аудандарға балаларын тасып, оқытып жүрген ата-аналарға үлкен көмегі тиді. Және сонымен қоса жанымыздағы үш ауысымда оқып жатқан мектептерге үлкен ықпалын тигізеді деген ойдамыз. Барлық талаптарға сәйкес келеді. Оқушылар мен ата-аналардың көңілінен шығуда.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Маңғыстау облысында «Жайлы мектеп» жобасымен салу жоспарланған 13 мектептің алтауы Ақтау қаласында бой көтереді. Соның бірі - құрылысы жуырда аяқталған осы №31-ші мектеп. 900 орындық білім беру мекемесінде осы мөлтек ауданның, сондай-ақ іргелес тұрған 19а және 20-шы шағын аудан балалары келіп оқиды.
Бұл мектеп қаланың жоғары бөлігіндегі №17-ші мөлтек ауданда салынды. Мұндағы халықтың да саны жылдан жылға өсіп келеді. Қазірдің өзінде білім ордасы қабылдай алатын жүктемеден екі есе көп өтініш келіп түскен.
Ғани Құрманғалиев, Ақтау қалалық Білім бөлімінің басшысы:
- Бұл 900 орынға арналған мектеп. Бірақ, қазіргі таңда өтініштердің қарайтын болсақ, 2 мыңнан астам оқушыға қазір өтініш келіп тұр қазақ тілді сыныптар бойынша. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының жалпы мақсаты - қаладағы үш ауысымда мектептердің санын азайту.
Қазір Ақтауда 6 мектеп үш ауысымда жұмыс істейді. Мәселе жаңа шағын аудандарда кезең-кезеңімен мектеп салу арқылы шешілмек. Ескере кететін жайт, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен биыл Мұнайлы ауданы Батыр ауылында 1500 орындық мектеп ашылады.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев