Қызылордада арбадағы теннистен үздіктер анықталды

Арбадағы теннистен үздіктер анықталды. Қызылорда қаласында былтыр спорттың осы бағыты бойынша арнайы секция ашылып, жергілікті қыз-жігіттерді кәсіпқой үлгіде үйрете бастады, деп хабарлайды 24kz.

Енді, міне, алғаш рет қалалық турнир ұйымдастырылды. Оған 20-ға жуық спортшы қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша ерлер арасында Бауыржан Кұлынов, Мұрат Ізбенбетов және Сағатбек Қуанышбайұлы жеңіс тұғырына көтерілді. Ал, әйелдер арасында Сая Абашова чемпион атанса, Ақнұр Сматова мен Мөлдір Маханбетова үздік үштікті түйіндеді.

Пара теннис спорты бойынша секциялар елімізде бертін келе ғана ашылды. Қазір бірнеше қалада жұмыс істеп тұр. Сәйкесінше, тұрақты республикалық жарыстар өткізіліп тұрады.

Айта кету керек, бұл бағыт паралимпиада ойындарының бағдарламасында бар. Алдағы уақытта осы спортшылар лицензия жеңіп алып, әлемдік аламанда ел намысын қорғауды көздейді.