Жыл сайын 7000-ға жуық маман мемлекеттік қызметке өтінім береді

Елде мемлекеттік қызметке құлықты жастар қатары көбейді. Жыл сайын 7 мыңға жуық маман өтінім беріп, қатарға қосылады, деп хабарлайды 24kz.

Жалыны, жігерін жұмысқа арнаған ұл мен қызға мүмкіндік көп.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі онлайн іріктеу мен байқаусыз жұмысқа қабылдау тәртібін іске қосты.

Мемлекеттік қызмет саласын заман талабына сай жетілдіру һәм ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету – Жолдау жүктеген негізгі міндет. Президент пәрменін ойдағыдай орындау мақсатында биыл біраз шаруа атқарылды. Ауқымдысы агенттік бастамасымен бірқатар заңнамалық жобалар іске асырылды. Соңғы 2 жылда 92 нормативтік құқықтық акті қабылданды. Елге ерінбей еңбек еткісі келетін құлықтыларды сан түрлі саладан тарту қолға алынды. Бұл ретте «Б» корпусының басшылық лауазымдарына тікелей тағайындау институты енгізілді. Өзгеріс 180 маманның жауапты қызметке тағайындалуына ықпал етті.

Дархан Жазықбай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы:

- Өздеріңіз білесіздер, шілде айында Мемлекет басшысы тапсырмасымен мемлекеттік қызметті 2029 жылға дейін жаңғырту бойынша тұжырымдама әзірленген болатын. Соған сәйкес, осының ішінде бір тармағы осы ерте кезден мемлекеттік қызметке дайындау оларды бейімдеу бойынша арнайы жоспарымыз бар.

Жаңашылдық бұл ғана емес. Енді отандық жоғары оқу орындары түлектері мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеуден өтпей-ақ қабылданады. Елге еңбек еткісі келген жас облыс орталығы мен аудан, қалаларда қызметке орналасады. Мүмкіндікке ие болғысы келетін студенттың диплом бойынша жинаған балы ескеріледі. Грантта білім алған студенттерге басымдық берілмек.

Азамат Жолманов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары:

- Бұл мүмкіндік жоғары оқу орындарын мемлекеттік грантпен және жақсы көрсеткішпен бітірген, яғни, GPA 3.33-тен жоғары түлектер үшін жасалып отыр. Аудандық пен ауылдық жерлердегі төменгі және басшылық емес лауазымдарға конкурстық іріктеусіз орналасу мүмкіндігі өткен жылы берілген болатын. Бүгінде 400-ден астам түлек мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеусіз тағайындалды. Оның 270-і аудандық, 164ауылдық деңгейде.

Бүгінде мемлекеттік қызметке құлықты жастар қатары артып келеді. Елде жыл сайын 7000 мыңға жуық жас қызметке қабылданады. Қазіргі таңда 35 жасқа дейінгі олардың үлесі 34,7%. Көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда жоғары. Тікелей Мемлекет басшысы бастамасымен іске қосылған жастар кадрлық резерві де оң нәтижесін берді. Бүгінде түрлі сала тұтқасын ұстап жүрген 400 жас маман іріктеліп алынып, қатарға қабылданды.

Жүсіпәлі Сламқұл, студент:

- Дәл қазіргі таңда мемлекеттік қызметке көзінде жалыны бар жастар көп қажет деп ойлаймын. Себебі, біздің елімізде дәл қазіргі таңда шешілмеген проблемалар түйткілді мәселелер көп. Сондықтан жастардың креативті ойлары көптеп көмектеседі деген ойдамын. Соңғы 3-4 курс оқып жатқан кезімде жас мемлекеттік қызметшілерге болашақ қызметшілерге арналған мүмкіндіктерді көріп жатырмын.

Қызмет алушылардың құқықтарын қорғау мен сапалы мемлекеттік қызмет көрсету бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл ретте агенттік қашықтықтан мониторинг жүргізудің жаңа тәсілін тәжірибеге енгізген. Биылдың өзінде тексеріс нәтижесінде 85 мыңнан астам бұзушылық анықталыпты. 360-тан аса лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Еңгізілген «e-Qyzmet» жүйесінің де мүмкіндігі мол. Тың бастама арқылы мемлекеттік қызметке іріктеу мен қабылдау рәсімін жеңілдетілді.