Елде көше қаңғыбастарына арналған 24 орталық бар

Бір мемлекетте жұрт соғыстан қашып, паналар жер таппай жүрсе, бір мемлекетте жай жүріп босқынға айналғандар бар, деп хабарлайды 24kz.

Біздің елде үй-күйсіз жүргендерге уақытша көмектесетін 24 орталық бар.

Бұл орталықтар былтыр 10 мыңнан астам адамды паналатты. Соған қарағанда, көше кезіп, қайыр тілейтіндердің қатары аз емес.

Мерей Қанапия, тілші:

- Бұл – Астанадағы қаңғыбастарға арналған «Демеу» орталығы. 2 мезгіл жұмыс істейді. Күндіз 180, түнде 50 адамға дейін орын қарастырылған. Бірақ олар уақытша 1 жылға дейін тұра алады. 

Сәуле Әбсадықова, «Демеу» әлеуметке қосу орталығының бөлім басшысы:

- Бас бостандығынан айыру мекемелерінен келеді бізге. Ауруханадан әкеледі бізге. Және полиция депаратментімен тығыз жұмыс істейміз. Сол кісілер алып келеді.

Мұнда жатқандардың басым бөлігі ішкілікке салынған. Бәрінің көзінде мұң мен өкініш, шарасыздық бар. Мысалы 55 жастағы Асқар Сәтенов 15 жылдай арақты қоя алмай, әйелімен ажырасып тынған. Ақыр соңында жұмысынан да қуылған. Ең сорақысы, маскүнемдіктің кесірінен аязда ұйықтап қалып, аяғын үсіріп алған. Қазір мүгедек. 

Асқар Сәтенов:

- Аяғымды кескеннен кейін бірден сәуірде осы жаққа жіберді.

- Былай арақтан құтылдыңыз ғой, иә?

- Иә, шынын айтқанда, құтылдым.

- Енді өзіңіздің мақсатыңыз, арманыңыз бар ма?

- Енді арман болған... Мынау аяқпен енді...Арман бар енді.. Ол сұраққа жауап бере алмаймын енді...

Орталықта әлеуметтік патруль қызметі бар. Олар күн сайын вокзалдар мен ауруханаларды, аялдамаларды аралап, қаңғыбастарды осында әкеледі. Әрі қарай келушілерге 7 бағытта қызмет көрсетеді. Соның ішінде...

Сәуле Әбсадықова, «Демеу» әлеуметке қосу орталығының бөлім басшысы:

- Құжаттандырумен айналысамыз. Жеке куәлігін жоғалтқан жағдайда қалпына келтіріледі. Егер ол зейнет жасына жеткен адам болса зейнеткерлікті рәсімдеу және мүгедектікті рәсімдеуге көмектесеміз. Жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп, бізде онлайн оқыту курстары жүргізіледі. Күнделікті қолданыстағы мамандықтарды оқытамыз.

Мерей Қанапия, тілші:

- Қазір орталықтың қызметіне жүгінгендер алдағы мерекелік іс-шараларға дайындалып жатыр. Әсіресе, Айдын Әбдіғалиұлының өнерін айтпай кетпеске болмайды. 

Айдын Кәрібаев:

Ел аралап, талай жердің дәмін татып, өнер салып, өлең айтып, жақсы асаба болдып жүрдім. Той басқардым, бет аштым. Мұндай жағдайға енді мен аварияға түсіп, көзім көрмейді. Сол үшін инвалид жасатып жатырмын.

- Мұнда жатқаныңызға қанша уақыт болды?

- 1 айдай болып қалды.

Орталық сіз ойлағандай емес. Барлық жағдай жасалған. Келушілер бос уақытында спортпен айналысып, кітап оқи алады. «Соған қарамастан тағдырдың қилы сынағына шыдамай, қоқысқа толы өмірдің есігін қайта қағатындар көп», - дейді мамандар.

Авторлары: Мерей Қанапия, Мадияр Қындыбаев