Жоғары аудиторлық палата: МӘМС қоры міндеттемелерін орындай алмай отыр
Соңғы 3 жылда денсаулық сақтау саласында шығыстар шамамен 3 есе артты, деп хабарлайды 24kz.
Бүгінгі таңда, қазақстандықтардың 83% міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қосылған. Бірақ халықтың жартысынан астамының медициналық қызмет сапасына көңілі толмайды. Бұл туралы Үкімет сағатында депутат Дания Еспаева мәлімдеді. Бүгінде Мемлекет 14 млн сақтандырылған адамның қаржылық жүктемесін көтеріп отыр. Дегенмен, жоғары аудиторлық палата медициналық мекемелерде бірқатар заңбұзушылықты анықтады. Мәселен, Астанада екі медициналық ұйымда қажет жабдықтар болмаған. Кейбір медициналық ұйымдар тиісті лицензиясыз қызмет көрсеткен және мүгедектігі бар адамдарға жағдай жасамағаны анықталды. Сондай-ақ ашық ақпараттық жүйенің болмауынан 28 млрд теңгеге жуық көрсетілген медициналық қызметтердің расталмағаны анықталды.
Аудиторлық палата алдағы жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының шығысы түсімнен асып, 2031 жылдан бастап қор міндеттемелерін орындай алмайды деп есептейді.
Осылайша, аудит нәтижелері бойынша анықталған фактілер,әкелген ықтимал шығындар мен жіберіп алған пайда көлемі 34 млрд теңгені құрады.
Осыған байланысты аталған материалдар Бас прокуратураға процестік шешім қабылдау үшін жіберілді. Аудит бүкіл денсаулық сақтау жүйесі мен негізгі мемлекеттік органдардың бірыңғай ақпараттық ортасының арасында байланыстың жоқ екендігін көрсетті.
Мәселен, Денсаулық сақтау, Ішкі істер және Әділет министрліктерінің ақпараттық жүйелерінің деректерін салыстыру кезінде шетелге тұрақты тұруға кеткен азаматтарға сомасы 8 млн теңгеге дәрі-дәрмектер ресімдеу фактілері анықталды.